Ақын көлік апатынан көз жұмды
Танымал ақын, журналист Серік Қалиев өмірден өтті. Бұл туралы журналист Ардақ Байғабыл хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазақ елінің ақыны, керемет тұлға, асыл ағам Серік Қалиев бақилық болды. Аллаһ рахымына алсын Сізді ағау.
Ағамызды 30 күн оразасын ұстап, шәууаль айының 6 күндік оразасын түгендеп, Құптан намазына бара жатқан жерінде жолда көлік қағып кетті. Бәріміз Аллаһтанбыз және Оған қайтушымыз. Аллаһ қаласа қасиетті жұма күні, жұма намазынан кейін жаназасы оқылса керек.
Айналайын Серік ағам, Аллаһ сізді жарылқасын! Біліп істеген, білмей істеген күнәларыңызды кешіріп, Жәннаттың төріне кіргізгей! Аллаһ тағала сізді қабір азабынан сақтап, пайғамбардың шапағатын берсін!» – деп жазды журналист.
Айта кетсек, Серік Қалиев 1961 жылы Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Амангелді ауылында дүниеге келген.
1983-1995 жылдары облыстық, республикалық ақындар айтыстарына қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
Оның «Жұлдыз – сезім», «Ақ моншақ», «Егіздің сыңары», «Ашық хат» өлең жинақтары жарық көрген.
Azattyq Ruhy редакциясы Серік Қалиевтің отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.