Қазақстандықтарды интернет арқылы алдаған Грузияның 24 азаматы ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің онлайн брифингісінде белгілі болды

Фото: ашық дереккөзден

Интернет арқылы қазақстандықтарды алдаған бір топ грузин ұсталды. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Интернет-алаяқтық қылмыстарын анықтауға және ашуға, сондай-ақ ұйымдастырушылар мен қатысушыларды ұстауға бағытталған іс-шаралар кешенін іске асырып жатырмыз. Мысалы, Алматы қаласында киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында интернет-алаяқтардың колл-орталығын анықтады. Жүргізілген операция барысында Грузия Республикасының 24 азаматынан тұратын топ ұсталды», - деді ол.

Сонымен қатар, кешенді шаралардың аясында тон сатамын деп халықты Instagram желісі арқылы алдаған азамат қолға түскен.

«Астана қаласында киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері бірқатар интернет-алаяқтық жасаған Екібастұз қаласының тумасын ұстады. Ол Instagram әлеуметтік желісінде төмен бағамен тон сату туралы хабарландыру жариялаған. Күдіктінің 26 қылмысқа қатысы анықталды. Келтірген жалпы шығыны - 4,2 млн теңге», - дейді ол