Қайғылы хабарды жергілікті прокурор Ламин Каборе жария еткен
Буркина-Фасоның солтүстігіндегі Карма ауылында ел қарулы күштерінің формасын киген белгісіз адамдардың шабуылынан 60-қа жуық адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Agence France-Presse мәліметінше, қайғылы хабарды жергілікті прокурор Ламин Каборе жариялаған.
«Карма ауылында 60-қа жуық адам біздің ұлттық қарулы күштеріміздің киімін киген адамдардың қолынан қаза тапты», - деп келтіреді агенттік оның сөзін.
Прокурор шабуыл жасағандардың ауылдан түрлі бағалы затты алып кеткенін хабарлады. Ол аталған қылмысқа қатысы бар барлық адамды тауып, ұстауға бұйрық берген.
Қайғылы оқиға Аорема ауылы маңында исламшылдар шабуылынан 6 сарбаз бен 34 содыр қаза тапқан оқиғадан бір аптадан соң болып отыр.
Буркина-Фасо соңғы жылдары Батыс Африкадағы лаңкестік әрекеттердің ошағына айналып отыр.