Соның салдарынан 65 тонна қант өз бағасынан қымбатқа сатылыпты
Жезқазған қаласына қант жеткізу ісіне делдалдар араласқан. Соның салдарынан 65 тонна қант өз бағасынан қымбатқа сатылыпты. Бұл кемшілікті Қаржылық мониторинг департаменті анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Заң бұзған кәсіпкермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қалаға қантты делдалсыз жеткізу туралы келісім жасалды. Нәтижесінде баға 8%-ке арзандады. Бүгінде облыс орталығында әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасын арнайы комиссия бақылайды. Сауда орындарымен жасалған меморандумға сәйкес 19 түрлі азық-түлікке 15%-тен артық үстеме қосылмауы тиіс. Соған қарамастан бағаны негізсіз өсіріп тұратын кәсіп иелері де бар. Мысалы, былтыр 9 кәсіпкер келісімді бұзған. Ал биылғы жылдың 4 айында 6 дерек тіркелген.
«Бірінші рет болған жағдайда ескерту береді. Ал екінші рет қайталанған жағдайда ол шағын кәсіпкерлік нысаны болса, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Орта кәсіпкерлік болса – 75, ал, ірі кәсіпкерлік болса, 300 АЕК айыппұл салынады. Біз қазіргі таңда биылға 2 жеке кәсіпкерге, 1 заңды тұлғаға хаттама толтырылған», - деді облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Жеңісбек Ахметов.