Әкімдік өкілдері стационарды жекеге беру пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылатынын жеткізді
Орал қаласындағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған стационардың жекеменшікке өтуі мүмкін. Бұған ата-аналар қарсы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Орталықта сал, даун синдромы, аутизм және өзге де ауыр дертке шалдыққан 50 шақты бүлдіршін ем алады. Он шақты жыл бойы орталыққа тұрақты түрде барған балалардың денсаулығы оңалып, қимыл-қозғалысы кәдімгідей түзеліп қалған. Енді орталық жекеге өтсе, сәбиіміздің саулығына зиян келе ме деп қорқады.
«Мұндай балалармен еш адам жұмыс істей алмайды. Мысалы жеке мекемелерге барасың ғой. Оларда ертең жұмысшылар тендермен келеді, кетеді, келеді. Біздің балаларға ондай ұнамайды. Сау балалардың өзі шақ үйреніп кетіп жатады. Бұл балалардың қайта үйреніп талпынысқа түсіп кетуі өте қиын. Сондықтан үйренген осы мекемелерін осы қалыпта қалуын өтініш етіп сұраймыз», - дейді көпбалалы ана Раушан Орынғалиева.
Әкімдік өкілдері стационарды жекеге беру пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылатынын жеткізді. Бұл бастама 5 өңірді қамтиды. Стационарлар жекеге өтсе де, қызметі өзгермейді, қайта жағдай жақсара түседі дейді.
«Балалар енді сегіз сағат бойы мамандардың бақылауында болады. Үйіне көлікпен тасимыз, үш мезгіл тамақ беріледі. Мысалы, қазір мұнда дәрігер жоқ. Енді балаларға реабилатолог, балалар невропатологы мен психиатр қызмет көрсетеді. Балаларға арнап көлік алдық», - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Исатай Жазықбаев.