«Туыстарын қағаз жүзінде жұмысқа алған»: Атырау облысында мәдениет үйінің меңгерушісі сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол еңбекақы төлеуге бөлінген 1 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген

Фото ашық дереккөзден

Атырау облысында жұбайы мен қызына 1 млн теңгеден астам ақшаны заңсыз аударған мәдениет үйінің меңгерушісі сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Жылыой ауданы Қосшағыл ауылдық мәдениет үйін басқарған ол қызметтік өкілетін пайдаланып, ойын іске асырған. Күдікті туысқандарын қағаз жүзінде жұмысқа алып, олардың жалақысын өз пайдасына жаратқан. Еңбекақы төлеуге бөлінген 1 млн теңгеден астам қаражатты иемденген. Жылыой аудандық сотының үкімімен ол 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сотталушының кәмелетке толмаған баласының бар екені ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге шегерілді.

 «Департаменттің тергеу қызметімен анықталғанындай, аталған лауазымды тұлға 2020-22 жылдары аралығында өзі басшылық ететін мекемеде жұбайы мен қызын техникалық персонал ретінде жұмысқа кіргізіп, яғни формально түрде кіргізіп,  адамдар жұмысқа келмесе де, ол кісілердің жаалқыларын алып отырған. Қазіргі уақытта  аталған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты», - деді Атырау облысы бойынша СЖҚІҚД басқарма басшысы Жәнібек Қаражанов.