Жалған ақпарат таратқан деструктивті жолаушы құқық қорғау органдарына берілді
Астана-Алматы бағыты бойынша ұшатын әуе кемесінің біріне бомба қойылған туралы ақпарат жалған болып шықты. Бұл туралы Air Astana әуекомпаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
2023 жылғы 16 сәуірде Астана-Алматы бағыты бойынша ұшатын KC996 рейсінің әуе кемесін мұздануға қарсы сұйықтықпен өңдеу алдында эконом-класс жолаушыларының бірі ұшақта бомба бар екенін хабарлады.
Жолаушылар мен экипаж штаттық режимде эвакуацияланды, әуе кемесіне тексеру жүргізілді. Рейстің жалпы кідірісі 6 сағат 29 минутты құраған.
«Кейіннен бомба туралы ақпарат расталмады. Деструктивті жолаушы құқық қорғау органдарына берілді және оған қатысты 5000 АЕК-ке дейін айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін 273-бап ("Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама") бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.