Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы бәрі заң аясында деген жауаппен шектелді
Алматыда бір топ режиссер, продюсер осылай шу шығарды. Айтуларынша, байқауға өтінім берген 270 құжаттың жартысынан көбін болмашы қателік үшін өткізбеген. Бұл туралы Azattyq Ruhy КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
2019 жылы мәдениет және спорт министрлігінің мұрындық болуымен Ұлттық киноны қолдау орталығы құрылды. Мемлекет бөлген қаржыны байқау арқылы үлестіруге осы мекеме міндетті. Жылда сома құбылғанмен, көлемі қомақты. Биылдың өзіне 3 млрд. теңге қарастырылған. Бүгін ашынып, жанайқайын жеткізуге жиналғандар байқауға қатыспай жатып, құжатындағы болмашы кілтипан үшін жарыс жолынан шығып қалғандар.
«Құжаттарда кеткен болымсыз, түкке тұрмайтын қателіктерге бола. 160 жобаны эксперттік кеңестің талқылауына жібермей отыр. Негізі процестің өзі сценарийді талқылау ғой. Бұл жерде бізден ең басты нәрсе, сценарий болуы керек еді, бұл жерде құжат алға шығып кетті де, бір он минутта, бес минутта өзгертуге болатын қателерге бола, көп адамның интеллектуалды еңбегі бір жолда, бір сәтте бәрі шығып қалды», - дейді режиссер Әрібибек Өр Алтай.
«Бұл киноны қолдау емес, киноны қорлау қоры. Мысалы, менің төрт жобам ізтүссіз кетті, «без вести пропавший» дейді ғой, соғысқа, қазіргі күнге дейін мен алған жоқпын, не себеппен оларды қайтарған. Арызда бұлардың сұрамайтыны жоқ. Ертең не сатып аламыз, ертең киноны кімге сатасың, әй, көке, ертең өзіңнің не боларыңды білмейсің», - деді режиссер Ғали Мырзашев.
Түзеуге мұрсат бермей, құжаттағы қателікке бола бет қаратпай отырған орталықтың осынша жобаны нақақтан нақақ ысыруын киногерлер түсіне алмай жүр.
«Бәрін біз былтырғыдай тапсырдық. Бірақ, биыл сол құжаттарды басқаша қабылдап жатыр. Шығармашылық адамдарға көмектесудің орнына, олар бізге әдейі қиын қақпан істеп жатыр да. Сметаның үлгісі осындай кезеңде конкурстық талдау уақытында болмауы керек, өйткені, біз әлі үміткерміз. Әлі келісімшартқа отырған заңды тұлға емеспіз», - дейді продюсер Ардагер Сантыбай.
Көмбенің үстінде отырған орталық даурығуға себеп жоқ деген сыңай танытты. Алдын ала байқау шартын жариялағанбыз, ережемен бүге-шігесіне дейін танысуға уақыты болғанын, құжаты өтпегеніне өздері кінәлі екенін айтады.
«Мысалы, салық жағынан ешқандай қарыз болмауы керек. Кейбіреуінде қарыз бар екен. Ереже де алдын ала жарияланды. Қарызы болса, салық төленбесе, біз оны қабылдамаймыз деген. Біздің бүкіл процедура шектелген, осы ережелермен. Ол бекітілген. Біздің қолымызда ештеңе жоқ, біз қазір, мысалы, көмектесе алмаймыз», - деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының кеңесшісі Қанат Төребай.
Түйіткілдің түйінін тарқату тікелей мәдениет және спорт министрлігіне байланысты. Осы мәселе бойынша комиссия құрып та үлгерген. Оң шешім қабылдаса, «қайранда қалған қайықтың күйін кештік» деген 160-қа жуық режиссер өз жұмысын аламанға қайта қоса алады.