Алматылық оқушылар NASA-ның халықаралық байқауында жеңімпаз атанды
Биыл байқауға әлем бойынша 30 мыңға жуық оқушы қатысқан

Алматыдағы физика математика-бағытындағы NIS оқушылары Рамазан Әміре мен Сымбат Барсағазы дайындаған «Aenoica» жобасы әлемнің үздік зымыран құрастырушыларының арасынан топ жарып, үздік атанды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жоба кураторы, 11-сынып оқушысы Райымбек Әбілбектің айтуынша, идея жаңа технологияларды енгізуге негізделген.
«Біз 300 мың тұрғынның үйіне айналатын станция құрып қана қоймай, кванттық коммуникацияларды, технологиялық дамыған агрокультураны пайдалана отырып, тіршілікті қамтамасыз ету жүйесін құрдық. Біздің жоба үздіктер қатарына енгеніне қуаныштымын», - деді Райымбек.
Ғарыштық қоныстар – АҚШ-тың NASA ұйымдастырған 7-12 сынып оқушыларына арналған дәстүрлі байқауы. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен оқушылар мен студенттер қатысып, еркін ғарыштық қоныс тұжырымдамасын әзірлеу үшін жұмыс істейді. Биыл байқауға әлем бойынша 30 мыңға жуық оқушы қатысып, алматылық оқушылар бірінші орынды иеленді.