Биыл мемлекеттік қызметтің 2,4 млн-ы электронды форматта көрсетілген

Автор: Аягөз Құрмаш

Мемлекеттік қызметтің 43 түрі электронды форматта көрсетіледі

Фото: ашық дереккөзден

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте қызметтерді трансформациялау және цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 45 түрінің 43-ін  электрондық форматта, ал олардың жартысынан көбін – 23-ін проактивті форматты алу мүмкіндігі бар.Бұл ретте өткен жылдың қорытындысы бойынша көрсетілген 13,8 млн мемлекеттік қызметтің 81%-ы электрондық форматта жүзеге асырылды», – деп бөлісті Ербол Оспанов.

Сондай-ақ ол биылғы 1-тоқсанда барлығы 3,4 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 2,4 млн электрондық қызмет немесе көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы санының 85 %-ын құрағанын хабарлады. 

«Жалпы мемлекеттік қызметтерді проактивті форматқа көшіру –әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі. Қазір осы формада электрондық қызметтердің 51%-ы іске асырылған және жыл ішінде біз бұл көрсеткішті 60%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деп толықтырды вице-министр.

Ербол Оспанов сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді трансформациялау және реинжиниринг барысы туралы айтты. Наурыз айының соңында «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға жәрдемақыны автоматты түрде тағайындау жүзеге асырылды.

«Қызмет көрсету мерзімі 7-ден 1 жұмыс күніне дейін қысқарды. Адами фактор толығымен алынып тасталды. Бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ өкілдері мен аумақтық департаменттердің қызметкерлері қатысатын еді. Биылғы 11 сәуірдегі жағдай бойынша 450 көпбалалы анаға автоматты түрде жәрдемақы тағайындалды. Осы қағида бойынша басқа да қызметтер бойынша жұмысты жалғастыру жоспарлануда», – деді ол.