Президент: «Ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге тың серпін беруі тиіс»

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы Қазақстан ғылымы «мобилизациялық модель» парадигмасынан шыға алмай отырғанын айтты

Фото ашық дереккөзден

Астанада өтіп жатқан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстанның мақсаты өркениет көшін бастайтын елдер қатарында болу екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Әлем қауымдастығы бірлесіп шешімін табуға тиіс аса күрделі мәселелер бар. Жаһандық жылыну үдерісін бәсеңдету, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және індеттің салдарын жою айрықша маңызды. Бір сөзбен айтсақ, заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе, өркениет даңғылынан қалып қоюымыз мүмкін. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Бұл мақсат, әрине, өте күрделі, оны жақсы түсінуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Яғни, ғылыми дамудың соңында қалмай, осы прогресті анықтайтын мемлекеттердің қатарында болу – негізгі міндет.

Бәлкім, бұл міндет тым күрделі көрінер. Бірақ біз алдымызға осындай мақсат қоюымыз керек. Оған еліміздің ғылыми әлеуеті жетеді. Бұл міндеттің оңай емес екенін түсінемін. Алайда біз оны сөзсіз орындауға тырысуымыз қажет. Жалпы, біз алдымызға қол жеткізе алмайтын тым асқақ мақсаттар қоймауымыз керек, бірақ ғылыми жетістіктерге жету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылай деген Президент бүгінгі ғылым саласы экономикалық өркендеуге серпін бере алмай отырғанына тоқталды.

«Елімізде мықты ғылыми мектеп бар. Білікті ғалымдарымыз да көп. Мемлекет тарапынан ғылымға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Соңғы жылдары бұл салада біршама өзгеріс болды. Ғылымды қаржыландыру тәсілдері жақсарды, қаржы көлемі едәуір артты. Ғылыми мекемелер біртіндеп жаңғыртылып жатыр. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда тәжірибеден өткен мамандар саны көбейіп келеді. Докторанттарды даярлауға және ғылыми жұмыспен айналысуға бөлінетін грант саны артты. Жалпы, жастардың ғылымға деген қызығушылығы ояна бастады. Бірақ мұның бәрі жеткіліксіз. Ашығын айтсақ, ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де тың серпін бере алмай отыр», - деді Қ. Тоқаев.

Оның айтуынша, Қазақстан басқа посткеңестік мемлекеттер секілді ғылым дамуының «мобилизациялық модель» парадигмасынан шыға алмай қалды. Президент жоспарлау мен басқарудың шектен тыс орталықтанған жүйесі, мемлекеттік қаржыландыруға тым тәуелді болу, ҒЗТКЖ-ға бизнес тарапынан сұраныстың аз болуы, кадр тапшылығы, әсіресе жас мамандардың ғылымнан кетуі – осы модельге тән проблемалар екенін айтты.