$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Республика бойынша денсаулық сақтау саласына 7,6 мың маман қажет – Ажар Ғиният

Министр Атырау облысы тұрғындарымен кездесті

Республика бойынша денсаулық сақтау саласына 7,6 мың маман қажет – Ажар Ғиният
Фото: primeminister.kz

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Атырай облысының тұрғындарымен кездесіп, халық алдында өз саласы бойынша есеп берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бірінші кезекте Ажар Ғиният медициналық-демографиялық көрсеткіштер бойынша сөйледі. Атырау облысы бойынша халықтың жалпы өлім-жітімі 2021 жылмен салыстырғанда 31%-ға, оның ішінде қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 17%-ға, обырдан болатын өлім-жітім 8%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және туберкулезден болатын өлім-жітім 7%-ға төмендеген. Ана өлімі 43%-ға төмендеді, ал биыл нәресте өлім-жітімі 10%-ға төмендеді. Өткен жылы халықтың өмір сүру ұзақтығы артты.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек

Министр берген ақпаратқа сай, 2022 жылы 9 жаңа қалалық емхана мен амбулатория пайдалануға берілді. Азаматтардың пікірлерін ескере отырып, 9 бағыт бойынша консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз жүзеге асырылады. Сонымен қатар, өткен жылы онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік туындаған жағдайда тексеру мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» енгізілді.

2023 жылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты әзірленіп, бекітіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған МСАК-тың пациентке бағдарланған озық тәжірибелерінің жобаларын енгізу жөніндегі жұмыс жалғасады.

Ауылдық денсаулық сақтау

Елімізде ауыл мен қала тұрғындарының арасында медициналық көмек көрсетуде теңсіздік байқалады. Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін 2022 жылы денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. Жету қиын ауылдық елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін жылжымалы медициналық емханалар кеңінен пайдаланылды.

Министр Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілгенін атап өтті.

2023 жылы ұлттық жобаны іске асыру аясында 307 медицина қызметкері, оның ішінде 54 жалпы практика дәрігері, 253 орта медицина қызметкері даярланады.

Ажар Ғинияттың айтуынша, жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2023 жылы мамандандырылған медициналық көмекпен қосымша 2,4 млн-нан астам ауыл тұрғыны қамтамасыз етіледі.

Жедел медициналық көмек және жоғары технологиялық медициналық көмек

Стационарлық көмектің сапасы және жоғары технологиялық ем алу үшін шетелге шығуға мәжбүр болатыны туралы халықтың шағымдарын назарға ала отырып, Қазақстанда стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмекті жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Мамандандырылған кардиохирургиялық және кардиологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда 2022-2023 жылдарға арналған қан айналымы жүйесінің аурулары кезінде медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі жол картасы бекітілді және іске асырылып жатыр.

Республикада 75 инсульт орталығы жұмыс істейді, оның төртеуі 2022 жылы ашылған, 41-і жедел коронарлық синдромы бар науқастарға көмек көрсету үшін тері арқылы коронарлық араласу орталығы. Атырау облысында 3 инсульт орталығы және 1 тері арқылы коронарлық араласу орталығы жұмыс істейді.

«Айта кету керек, Қазақстанда медицинаның бірқатар бағыты халықаралық деңгейде сәтті бәсекеге түсуде. Осылайша, біздің елімізде халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің 80 түрі бойынша көмек көрсетіледі», — деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният. 

Ана мен бала денсаулығын сақтау

«Мемлекет басшысы Ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударады. 2022 жылды Қазақстан Республикасының Президенті “Балалар жылы” деп жариялады», — деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Өткен жылы жүкті әйелдерді пренаталдық скринингпен қамту 6%-ға артып, 79%-ды  құрады. 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингпен қамту 81%-ға дейін артты.

А.Ғинияттың айтуынша, 2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7 000 квота бөлу көзделген «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарламаның аясында 2022 жылы Атырау облысында 213 квота бөлініп, 76 әйел жүкті болды, бүгінде 32 отбасы бала сүю бақытына ие болды.

Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен меморандум аясында өңірлерге 88 млн теңге сомасына офтальмологиялық скринингке арналған 24 жабдық жеткізілді. Министрдің айтуынша, ана мен баланың денсаулығын сақтау Министрліктің ерекше бақылауында.

Кадрлық қамтамасыз ету

Қазіргі кезде республика бойынша денсаулық сақтау саласына 7,6 мың маман қажет, атап айтқанда, шамамен 3,9 мың дәрігер, шамамен 3,8 мың орта медициналық қызметкер тапшы. Атырау облысына 183 дәрігер, 101 орта медициналық қызметкер керек.

2022 жылы өңірлерге медициналық жоғары оқу орындарын бітірген 1 809 түлек жіберілді, атап айтқанда, Атырау облысына 32 түлек, оның ішінде ауылдарға 11 дәрігер бөлінді.

Дәрігер тапшылығын жою үшін, оның ішінде жіті тапшы мамандықтар бойынша 2022 жылы республикалық бюджет есебінен 4 700 білім беру гранты бөлінді, оның ішінде 1 500 резидентура гранты берілді. Атырау облысына 24 грант бөлінді. Атырау облысының әкімдігі 11 грант бөлді.

«2023 жылы заң қабылданғаннан кейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу басталады. Бұл шаралар пациенттердің құқықтарын қорғауды, медицина қызметкерлерін құқықтық қорғауды қамтамасыз етуге, медициналық мамандықтардың беделін көтеруге, сондай-ақ жас ұрпақты денсаулық сақтау саласына тартуға арналған», — деді Ажар Ғиният.

Сондай-ақ дәрігерлердің орташа жалақысын 30%-ға арттыру жалғасады, ол 2023 жылы 531 мың теңгені құрамақ, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20%-ға 250 мың теңгеге дейін көтерілмек. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2,5 мыңға жуық дәрігерді оқыту жоспарлануда, оның ішінде шетелде 43-ке жуық адам, сондай-ақ 9 мыңнан астам медбикені оқыту көзделіп отыр.

Оған қоса биыл Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында республикалық бюджет есебінен резидентура гранттарының санын 70%-ға ұлғайту және оларды 2,5 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру жөніндегі заң жобасы қабылданғаннан кейін 270 мыңнан астам медицина қызметкері заңмен қорғалатын болады.

«Министрлік дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту және отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. Осыған байланысты отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жасасу тетіктерін қайта қарау бөлігінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар амбулаториялық-емханалық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесі сирек кездесетін ауруларға арналған дәрі-дәрмектің 18 түрімен кеңейтілді», — деді министр.

2023 жылы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысына цифрлық технологияларды кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған (вакцинациялау процесінің есепті нысандарын электрондық форматқа көшіру; бақылау-қадағалау қызметін цифрландыру; биологиялық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік ақпараттық жүйені қалыптастыру).

Адамдарда инфекциялық аурулардың өршуін немесе жекелеген жағдайларын уақтылы анықтаудың маңызды аспектісі қазіргі заманғы зертханалық база мен ақпараттық жүйелердің бар болуы екенін ескере отырып, 2023 жылы материалдық-техникалық базаны нығайту және эпидемиологиялық болжау мен ден қою жүйелерін әзірлеу жөніндегі іс-шаралар жалғасады.

Министрдің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы негізгі міндеттері белгіленді.

«Биыл біз Қазақстан Республикасы Президентінің Сайлауалды платформасын, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2023-2027 жылдарған арналған даму жоспарын іске асыруды бастаймыз. Сонымен қатар 2023 жылы біз Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыруды бастаймыз», — деді А.Ғиният.

Сондай-ақ биыл медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар онкологиялық қызметті жаңғыртуды, сондай-ақ инфекциялық емес аурулар бойынша халықты профилактикалық тексеру бағдарламаларын кеңейтуді жүзеге асыру қажет.

Бұдан басқа 2023 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын  іске асыру басталды. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдікпен бірлесіп, Атырау облысының Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Жоспарда инфрақұрылымды дамыту, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, өңірдің кадрлық әлеуетін нығайту жөніндегі шаралар көзделген.

«Министрлік халықтың денсаулығын жақсарту бойынша маңызды жұмыс жүргізді. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің Сайлауалды платформасының аясында біздің салада белгіленген барлық міндеттер іске асырылатын болады. Біз ел халқына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыратын тиімді шешімдер дайындайтын кәсіби және азаматтық қоғамдастықтың барлық күш-жігерін біріктіруіміз керек», — деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Серіктес жаңалықтары