Израильде резервтегілерді мобилизациялау басталды

Автор: Аягөз Құрмаш

Шара Тель-Авивтегі екі шабуылға байланысты қабылданды

Полиция шекара полициясының барлық резервтік бөлімшелерін жұмылдыруға бұйрық берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Иорданияның батыс жағалауы мен Тель-Авивтегі шабуылдардан кейін резервшілерді жұмылдыруды бастауға бұйрық берді.

Израиль үкіметінің басшысы полицияға шекара полициясының барлық резервтік бөлімшесін жұмылдыруға нұсқау беріп, қорғаныс күштеріне  қосымша күш жұмылдыруды бұйырғаны атап өтілді.

Естеріңізге сала кетейік, Израильдің Тель-Авив қаласында екі минуттық айырмашылықпен екі шабуыл болды. Оның бірінде қаскөй көшеде өтіп жатқан адамдарға оқ атып, артынша көлігімен адамдар тобын басып өткен. Сондай-ақ бұған дейін Израильде көлік атылып, нәтижесінде екі әйел қаза тапқан болатын. Автокөлікке шабуыл Израиль әскерилерінің Ливандағы Хамас нысандары мен Газа секторына әуе соққысынан кейін болды.