Шымкентте жыл басынан бері 12 адамды сарышаян шағып алған

Автор: Azattyq Rýhy

Былтыр мегаполисте улы жәндік шаққан 75 адам ауруханада ем алған

Фото ашық дереккөзден

Шымкентте жыл басынан бері 12 адамды сарышаян шағып алды. Зардап шеккендердің біреуін ауруханаға жатқызуға тура келген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Сыртта әлі де күн салқындау болғандықтан жәндіктер көбіне үйдің ішіне кіруге тырысады. Ол көпқабатты баспаналардағы пәтерлерден гөрі жер үйлердің ішінде тіршілік еткенді қолайлы көреді.

Мамандардың айтуынша, сарышаяндардың уы, әсіресе, созылмалы сырқаты бар егде жастағы адамдар мен балалардың ағзасына өте қауіпті.

Былтыр мегаполисте улы жәндік шаққан 75 адам ауруханада ем алып, тағы 258 азамат амбулаторлық көмекке жүгінген болатын.

«Өткен жыл мен биылғы жылдың бізге қаралу бойынша ешқандай айырмашылығы жоқ. Енді майдан бастап тамыздың аяғына дейін сарышаян шаққан науқастар көп болады. Ал одан кейін аз және жарақаттары жеңіл болып келеді», - деді дәрігер Мадина Ермаханбетова.