Медициналық ұйымдарға тиесілі ғимараттардың 45%-ы тозып кеткен – Ажар Ғиният

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі кезде ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр

Фото: primeminister.kz

Бүгінде Қазақстанда 6 187 мемлекеттік денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде 492 аурухана және 5 695 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Бұл сандарды бүгін Денсаулық сақтау министрі болып қайта тағайындалған Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Медициналық ұйымдар ғимараттарының тозу деңгейі 44,7%-ды құрайды. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған стационарлардың көпшілігі халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келмейді.

«Қазіргі уақытта ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бекітілген Ұлттық жоба шеңберінде 655 МСАК нысанын салу, сондай-ақ жарақтандыру, күрделі жөндеу, реконструкциялау жолымен 32 көп бейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту көзделеді. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді А. Ғиният.

Бұдан басқа, өңірлерде заманауи стационарлар салу жоспарлануда – Астана және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 8 көпбейінді аурухана,12 перинаталдық орталық және онкология орталықтарының желісі. Сонымен қатар келесі өңірлерде Қостанай және Алматы облыстарында 3 аудандық емхана, Қызылорда мен Павлодар облыстарында 2 көпбейінді аурухана, Маңғыстау облысында аудандық орталық аурухана және Қызылорда қаласында Қан орталығының құрылысы жалғасып жатыр.

Бұдан әрі Денсаулық сақтау министрі кадр саясаты мәселесіне көшті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде 267 000-ға жуық медицина қызметкері, оның ішінде 78 000-нан астам дәрігер, 188 800 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

«Денсаулық сақтау жүйесінің кадрларға деген қажеттілігі 7 621 бірлікті, оның ішінде дәрігерлер 3 916 бірлікті және орта медицина қызметкерлері 3 705 бірлікті құрайды», — деді ол.