АҚШ-та торнадодан қаза тапқандар саны 32-ге жетті
31 наурыздан бері елде 80-нен астам торнадо болған

АҚШ-тың оңтүстік және орталық батысындағы штаттарында болған қатты дауыл мен торнадодан қаза тапқандар саны кем дегенде 32 адамға жетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Теннесси штатындағы Мемфисте қатты боран бірнеше үйдің үстіне ағаштарды құлатып кеткеннен кейін екі бала мен бір ересек адам өлі табылған. Штаттағы МакНэйри округінде тағы екі тұрғын мерт болды. Сенбіде Теннесси штатында жеті адам қаза тапқан болатын.
Индиана штатының жергілікті табиғи ресурстар департаменті ұлттық саябақтағы лагерьде екі адамның қаза тапқанын хабарлады. Бұған дейін Арканзас, Иллинойс, Делавэр, Миссисипи және Алабама штаттарында дауылдан тағы 15 адам қаза болған еді. Ондаған адам зардап шекті, мыңдаған үй қирап қалды.
АҚШ президенті Джо Байден 2 сәуірде Арканзас штатында «ірі апат» туралы жариялап, федералды бюджеттен көмекке қаржы бөлуге бұйрық берді.
АҚШ Ұлттық ауа райы қызметінің мәліметінше, 31 наурыздан бері елде 80-нен астам торнадо тіркелді.