Ораза айында дұрыс тамақтану жолы: ақхалатты дәрігер кеңес берді

Автор: Azattyq Rýhy

Ол тағамда ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдар болмаса, денсаулыққа зиян екенін айтты

Фото ашық дереккөзден

Күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Рамазан айының басталғанына бір аптадан аса уақыт болды. Бұл айда жұртшылық таңсәріден бастап күн батқанға дейінгі уақытын Ораза тұтумен өткізіп, ішіп-жемнен арылады. Ораза ұстау диета емес, бұл ең алдымен жанның тәрбиесі екенін есте ұстаған жөн. Әлбетте, ауыз бекіту туралы шешім сіздің физикалық денсаулығыңызға тікелей байланысты. Бұл уақытта толыққанды дәрумендері бар тамақтануды ұстану керек. Ал қандай өнімдерді тұтынудан аулақ болған дұрыс, бұл туралы бізге №9 қалалық емхананың СӨС дәрігері Майра Рыспаева айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Маманның айтуынша қалыпты емес тамақ рационы, дұрыс тамақтанбау сіздің жұмыс өнімділігіңіздің нашарлауына, тез шаршауыңызға әкеліп соғады. Дәрігер таңғы сәресінен бас тартпау қажеттігін басып айтты. Майра Сарбасқызы тағамда ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдар болмаса, денсаулығыңызға зиян екендігін атап өтті.

«Ауызашар кезінде шамадан тыс көп тамақтануға болмайды, тағамды ысырап қылмаңыз және артық тамақтанбаңыз. Таң сергек, жеңіл болуы үшін асқазаныңызға тамаққа толған күй, ауыр күйде ұйқыға жатпаған дұрыс. Ал ұн мен қуырылған тағамдарды барынша шектеу қажет. Себебі ұзақ ашығудан кейін қуырылған тағам астың дұрыс қорытылмауына және асқазанды күйдіруге әкеп соғады. Мұндай тағам түрлерінің орнына ақуыз бен талшыққа бай тағамдарды пайдаланған дұрыс. Ал өзіңізді қалыпты, ойдағыдай сезінуіңіз үшін рационыңызға көкөністер, ет, балық, дәндер мен жемістер қосылуы керек», - деп атап өтті дәрігер.

Ауызашар уақытынан кейін денедегі сұйықтық деңгейін ұстап тұру үшін көбірек су ішуді ұмытпаңыз. Ақхалатты дәрігер Майра Сарбасқызының айтуынша, ағзадағы су балансын сақтамасаңыз, дегидратация кезінде жүрек айну, бас айналу және әлсіздікке тап болу қаупі туындап, қасиетті Рамазан айында үзбей Ораза ұстауыңызға қиындық келтіреді.

«Ораза уақытында жылдам көмірсуларды ұмытқан дұрыс. Себебі олар қандағы глюкоза мөлшерін бірден арттырып, қарныңыздың тез ашығуына әкеліп соғады. Ал тәтті тағамдар, кәмпиттер, күшті дәмдеуіштері қосылған секілді ағзаны тез шөлдететін тағамдардан мүлдем бас тартқаныңыз абзал», - деді Майра Рыспаева.

Ал ауызашар уақытында тамақ ішіп, әлденгеннен кейінгі аздаған қимыл-қозғалыс пен белсенділік асқазан-ішек жолдарының жұмысына көмектесетінін еске саламыз.

«Ауыз бекітіп, Ораза тұтқан адамның асқазаны күні бойы тыныштық жағдайында болады. Сол себепті ауызашар уақытында бей-берекет тамақ ішіп, асқазаныңызға ерекше күш түсірмегеніңіз жөн. Асықпай, байыппен тамақтанып, ағзаңызды орташа жағдайда ұстаңыз. Ал тамақтанып болғаннан кейін бірден ұйқыға жатпаңыз. Ішкен асыңызды бойыңызда жақсы қорыту үшін ең оңтайлы әрі жақсы шешім серуендеу болып саналады. Дегенмен бұл уақытта белсенді дене жаттығуын жасамаған жөн, бұл жүрек айнуы мен ұйқысыздыққа әкелуі мүмкін», - дейді дәрігер.

Ақхалатты дәрігер Майра Сарбасқызы сөзін жалғай келе сәресіде ауыз бекітіп, күні-бойы ішіп-жемнен тыйылған адамға Ораза кезінде тамақтану жайлы кеңестерін беріп өтті:

  • Таңсәріден күн батқанға дейін ауыз бекіткен адам негізгі тағамды тұтынуды сорпа мен салаттан 1-2 сағаттан соң бастағаны жөн;
  • Оразаңызды ашқаннан кейін алдыңызда тұрған асты орынсыз қолданбаңыз. Қайта аз-аздан жиі тамақтанған жөн;
  • Пайдалы майлар ағзаңызда тойымдылық сезімін ұзартады. Рационыңызда жаңғақтарға, сүт өнімдеріне және етке көбірек басымдылық беріңіз;
  • Суды жиі-жиі ішіңіз. Жылдың 11 айында асқазаныңыз басқаша жұмыс істегендіктен Ораза айындағы тамақтану режимінің өзгеруіне байланысты ішек проблемалары пайда болуы мүмкін. Ал олардың алдын алу үшін не істеген жөн? Бұл ретте көбірек клетчаткаға бай тағамдарды қосыңыз. Олар: фасоль, бұршақ, күріш, бидай, арпа, жаңғақ, бадам, зәйтүн, жаңа піскен көкөністер және тағы басқа;
  • Сәресіні жіберіп алмаңыз. Бұл асқазаныңыздың ғана емес өзге де ағзаларыңыздың күні бойы дұрыс жұмыс істеуі үшін маңызды. Таңертеңгі тағамға айран, йогурт, жұмыртқа, ірімшік және дәнді нан сияқты жеңіл тағамдарды таңдауға болады. Сондай-ақ, бұршақ сорпасы, жемістер, кептірілген жемістер, ет кесектері бар көкөніс салаты болуы мүмкін;
  • Газдалған шырыннан, сол сияқты фастфуд секілді дәрумендер мен минералдары жоқ тамақтан бас тартқаныңыз абзал. Бұл асқазаныңыздың қалыпты жұмысы үшін өте маңызды;
  • Тамақ дайындау әдісіне де ерекше назар аударыңыз. Қайнатылған, пеште немесе буға пісірілген тағам қуырылған тамақ түрлеріне қарағанда біздің асқазанымызға анағұрлым пайдалы екенін есте сақтаңыз;
  • Шөлдететін тағамдардан бас тартқаныңыз жөн. Мәселен олардың қатарына ұн өнімдері, тәтті кондитерлік өнімдер, ысталған, тұздалған, маринадталған өнімдер және тағы басқа да тағам түрлері жатады;
  • Қасиетті Рамазан айында асқазаныңыз дұрыс жұмыс істеп, ағзаңыз қалыпты жағдайда болуы үшін рационыңызды көмірсулар, майлар мен ақуыздармен байытылған тағамдардан құрғаныңыз жөн.

Айта кетейік, Ислам әлемі үшін қасиетті саналатын Рамазан айы биыл 23 наурыздан 21 сәуірге дейін жалғасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Рамазан айының алғашқы күні қазақстандықтарды Оразаның басталуымен құттықтаған болатын.

«Ардақты ағайын! Сіздерді қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – күллі мұсылман қауымы үшін мән-маңызы айрықша мезгіл. Адамзатты рухани тазаруға және жан-жақты кемелденуге бастайтын осы айда төзімділік, жанашырлық, имандылық сияқты құндылықтар кеңінен дәріптеледі.

Ата-бабамыз Рамазанды «он екі айдың сұлтаны» деп ардақтаған. Ораза ұстаған жамағатқа ауызашар беріп, бір-біріне ерекше құрмет көрсеткен. Салт-дәстүрімізбен сабақтас асыл дініміз ғасырлар бойы Ұлы далада елдің бірлігін және қоғамның тыныштығын сақтау жолында маңызды рөл атқарып келеді.

Мейірімділік айында халқымыз игі істерін еселеп, сауапқа кенеле берсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Ораза қабыл болсын!» - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.