АҚШ өз азаматтарын Ресейден кетуге шақырды

Автор: Аягөз Құрмаш

Америка Құрама Штаттары америкалық журналистің Ресейде ұсталуын айыптады

Фото: РИА Новости

Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ел азаматтарын Ресей Федерациясының аумағынан кетуге шақырды. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ол америкалықтардың  Ресейде болуы қауіпсіз емес екенін және оны мүмкіндігінше тезірек тастап кетуі керек екенін атап өтті. 

«Біз Ресей Федерациясындағы АҚШ азаматтарына төніп тұрған қауіп туралы шұғыл ескертуімізді қайталаймыз. Ресейде тұратын немесе саяхаттап жүрген АҚШ азаматтары Ресейге саяхат туралы ұсынысымызда көрсетілгендей, дереу ол елден кетуі керек», - деді Блинкен.

Ол сондай-ақ мемлекеттік департаменттің басты басымдығы АҚШ азаматтарының шетелдегі қауіпсіздігі екенін атап өтті.

Эван Гершкович Екатеринбургке қоғамның соғысқа деген көзқарасы мен «Вагнер» жасағына жергілікті тұрғындардың тартылуы туралы материал үшін ақпарат жинауға келген

АҚШ-тың бұл реакциясы ФҚҚ тыңшылық жасады деп айыптаған америкалық журналистің ұсталуына байланысты болды. 

Айта кетсек, Ресейдің Екатеринбург қаласында Эван Гершковичтің ұсталғаны туралы белгілі болды. Ресей Федерациясының ФҚҚ оны «тыңшылық жасады» деп айыптайды. Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің тиісті бабына сәйкес айып тағылды. Журналиске 20 жылға дейін түрмеге қамалу қаупі төніп тұр.

Өз кезегінде The Wall Street Journal Эван Гершковичке тағылған айыптарды жоққа шығарады және оны дереу босатуды талап етеді.