Ол Үкімет басшысы лауазымына «AMANAT» партиясы ұсынған кандидатты талқылағанын айтты
Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің лауазымына Әлихан Смайыловты ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мен сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсына алатынын атап өттім. Бүгін мен Мәжіліс төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановты қабылдадым. Жаңа ғана фракция жетекшілерімен арнайы кездестім. Үкімет басшысы лауазымына «AMANAT» партиясы ұсынған кандидатты талқыладық. Ортақ мәмілеге келдік. Ата заңымыздың 44-бабына сәйкес, премьер-министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын ұсынамын», - деді Тоқаев.
Ол Смайылов білікті маман екенін атап өтті.
«Баршаңыз бұл азаматты жақсы танисыздар. Білікті әрі тәжірибелі маман. Жұмысқа адал, еңбекқор адам. Ол Үкіметтің алдында тұрған міндеттерді жақсы біледі. Оған жаңа Үкіметтің тізгінін сеніп тапсыруға болады деп санаймын. Конституцияның 56-бабына сәйкес Премьер-Министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловты тағайындау үшін Мәжілістің келісім беруін сұраймын», - деді Президент.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы осыған дейін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановты қабылдады. Онда «AMANAT» партиясының атынан жаңа премьер-министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасы ұсынылды.