«Жүруден қалған»: Алматыда нейрохирургтер алғаш рет омыртқаға күрделі операция жасады
Жоғары технологиялық ота 5 сағатқа созылды
Алматылық нейрохирургтер омыртқаға алғаш рет күрделі операция жасады. Орталық қалалық клиникалық аурухана нейрохирургтері нейронавигациялық жүйемен жұмыс істейтін жоғары технологиялық қондырғы көмегімен күрделі операцияларды жасай алады. Медициналық қызметтің бұл түрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арқылы көрсетіледі. Мұндай күрделі ота алғаш рет 45 жастағы әйелге жасалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Беломыртқасының бірнеше жерінде спондилолистез пайда болған пациент ауруханаға келгенде аяғын баса алмайтын. Болмашы қимыл-қозғалыстың өзін қатты ауырсынатын. Жүруден қалған. Тексере келе оған дейін әйелге елдегі бірнеше клиникада үш рет ота жасалғаны белгілі болды. Алайда бірде-бірі көмектеспеген.
Дәрігерлердің айтуынша, спондилолистез – бір омыртқаның орнынан қозғалып, жоғары немесе төмен жылжуынан туындайды.
«Спондилолистез салдарынан омыртқаның пішіні бұзылады, омыртқа арасындағы канал тарылып, стеноз пайда болады. Сонымен қатар, омыртқадағы жүйке тамырлары қысылады. Біздің пациентіміз жүріп-тұра алмағандықтан, шұғыл түрде хирургиялық көмек көрсету туралы шешім қабылданды», – дейді ОҚКА нейрохирургия бөлімшесі меңгерушісі Марат Алматов.
Бұрын мұндай операциялар рентген сәулемен жұмыс істейтін электронды-оптикалық күшейткішпен жасалатын. Жоғары технологиялық қондырғы отаны мейлінше жеңілдетті. Оған қоса, жаңа қондырғы операцияны асқан дәлдікпен жасауға мүмкіндік береді.
«Операция омыртқаларды бекітіп, қысылған жүйке тамырларына түскен қысымды азайтуға бағытталды. Ота барысында қысылған омыртқа каналы босатылып, 3 жерден омыртқааралық имплант орнатылды. Жоғары технологиялық ота 5 сағатқа созылды. Пациент үшінші күні аяққа тұрды», – деді нейрохируруг.