Бүгінде ол бизнес жоспар жасап, кәсібін ашуды көздеп отыр
Еліміздегі жалғызбасты аналардың әлеуметтік жағдайы қоғамда әлі де алаңдаушылық тудырады. Себебі некесіз балалардың әкелері түрлі сылтаулармен материалдық көмек көрсетуден бас тартып жатады. Десе де республиканың әрбір өңірінде жұмыс істейтін Аналар үйі жас келіншектер мен қыздарға барынша қолдау көрсетіп келеді. Тіпті жарқын болашаққа жол сілтейді. Azattyq Ruhy тілшісі елордадағы Аналар үйіне барып, сондағы кейіпкердің тағдырын тыңдап қайтты.
Айзада (авт - есімі өзгертілген) Аналар үйіне келмес бұрын Астанада құрбыларымен бірге пәтер жалдап тұрған. Ірі супермаркеттердің бірінде кассир болып жұмыс етіп, тұрақты табысы да болған. Алайда босанғаннан кейін қаражат жағынан қиналатынын сезген ол Аналар үйіне баруды жөн көріпті.
«Бұл орталық туралы туысқан әпкем айтқан еді. Алғашқыда әлеуметтік желіде көрсетілген нөміріне хабарласып, көмекке мұқтаж екенімді жеткіздім. Мұндағы үйлестіруші апай ұзақ ойланбастан «кел» деп бірден шақырды. Бірақ басында бір айдай келуге жүрексініп жүрдім. Себебі «Ана үйі» дегенді көз алдыма басқаша елестеттім. Үлкен жатақхана деп ойладым. Өйткені бұрын-соңды мұндай орталық туралы естімеппін», - дейді жас келіншек.
Айзада ұлының әкесімен 2021 жылы Астанада танысқан. Алайда жас келіншектің денсаулығы сыр беріп, 2022 жылдың басында ол туған жері Шымкентке ем қабылдауға кеткен. Бір қызығы денсаулығының ақауына байланысты кейіпкердің өзі де, дәрігерлер де оның аяғы ауыр екенін білмеген. Ақ халаттылар Айзадада бауыр циррозы болуы мүмкін деген тұжырымға келген. Оның үстіне дәрілік препараттарға аллергиясы бар Айзада емін де дұрыс қабылдай алмаған. Сол аралықта ол КТ, МРТ тексерістерінен де өтіп үлгерген. Дәрігерлер соңғы сөзінде «операция жасау керек» деген шешімге келген. Дәл сол отаның алдында тағы бір мәрте УДЗ-ға түсер кезде мамандар оның жүкті екенін аңғарған.
«Анам бұл хабарды естіген бетте «баланың әкесіне бар, оған бәрін түсіндір» деді. Мен оған бірден смс жолдадым, ол Астанаға шақырды. Заңды түрде некелесіп, бірге тұруға уәде берді. Қандай қиындық болмасын, бірге бір шаңырақ астында тұратынымызды айтты. Мен оның сөзіне сеніп, Астанаға пойызға билет алып, осы жаққа жол тарттым. Жақындарымнан менің жағдайым туралы тек анам ғана білді. Баламның әкесі мені өзі күтіп алатынын ескертті. Мен пойыздан түнгі сағат 1-де түстім. Келген бойда бірден соған хабарластым, ал ол телефонын көтерген жоқ. Қанша смс жаздым, біреуіне жауап бермеді. Мен осылайша түнгі үшке дейін вокзалда отырдым. Өйткені менің баратын жерім болмады. Мен соған сеніп келген едім. Содан осында тұратын бір құрбыма хабарласып, мені алып кетуін өтіндім. Осылайша сол түні құрбымның жанында болдым», - дейді ол.
Десе де келесі күні Айзаданың смс-теріне жауап бере бастаған жігіт оған жатақханадан бөлме жалдап қойғанын айтқан. Бірақ қоңырауларға жауап бермеуді жөн санапты.
«Мекенжайын алып, әлгі жатақханаға барып көрдім. Ол жерде тұру мүмкін емес. Кіреберістің алдында бомждар жатты. Ол маған «сен сол жерде тұра бер, мен достарыммен басқа жерде тұрамын» деп смс жазды. Сол күні мен кешке дейін көшеде жүрдім, нәр татпадым. Өйткені қалтамда көк тиыным болмады. Аялдамада тұрмын, қайда барарымды білмеймін. Тіпті жол ақысын төлейтін де ақшам жоқ. Содан мен жігітіме звондап «берген уәдең қайда?» дедім. Қарным аш екенін айттым. Ол жұмыстан шыға алмайтынын айтып, картама бес мың теңге аударып жіберді. Оның бар көрсеткен қаржылай көмегі сол ғана болды», - дейді Айзада.
Шарасыздыққа тап болған Айзадаға тығырықтан шығуға құрбысы көмектескен. Тіпті бір өлімнен аман алып қалған да сол екен.
«Бірде маған жігітімнің ағасы хабарласып, «балаға ДНК жасаймыз, егер басқа біреуден болса, түбіңмен құртамын» мені қорқыта бастады. Сол уақытта мен қатты күйзеліске ұшырадым, тіпті ішімдегі баланы да ойлаған жоқпын. Үйде ешкім жоқ кезде балконға шығып, сол бір бесінші қабаттан секіріп кеткім келді. Секіруге талпынып тұрған кезімде, есіктің қоңырауы басылды. Есікті ашуға тура келді. Сөйтсем құрбым келіпті, менімен бірге емханаға бару үшін жұмысынан сұранып келген екен. Оған дейін құрбыма көп нәрсені айтқан жоқ едім, сол күні барлығын айттым. Ол маған қол ұшын созып, жұмысқа орналасуыма ықпал етті. Осылайша мен супермаркетке кассир болып жұмысқа орналасып, өз күнімді өзім көре бастадым. Сонымен қоса, арасында кафеге ыдыс жууға шығып жүрдім. Құрбым әрдайым мені үйде жалғыз қалдырмауға тырысты. Тіпті емханаға да бірге барып жүрді. Баламның әкесінен көрмеген жақсылықты содан көрдім. Жалпы біздің елімізде мейірімді жандар көп. Сол супермаркеттегі басшылық та менің жағдайымды естігеннен кейін, маған барынша қолдау көрсетуге тырысты», - дейді.
Осылайша айы-күні жақындаған тұста Айзада бар ерік-жігерін жинап, Ана үйінен көмек сұрап келген.
«Келген кезде «мынандай да Ана үйі болады екен ғой» деп таң қалдым. Сырты кәдімгі коттедж үй. Бұл жерге келген кезде де жылап келдім. Ішіне кірсем қыздар мұнда тамақ істеп жатты, сондай жылулылықты сезіндім, балалардың ойнап жатқанын көрдім. Менің іштей уайымым «балама памперсті қайдан аламын, тамағын қайда жасаймын, киімін кім алып береді?» деген сұрақтарға толы болды. Бірақ бұл жерде оның барлығы бар екенін көргенде жүрегім орнына түсті. Анама хабарласым, осы жер туралы айттым. Ана қанша ұрысса да «баланы тастама, түсік жасама, балалар үйіне өткізуші болма» деді. Осы сөздерде де бір жағынан маған ары қарай өмір сүруіме мотивация болды», - дейді Айзада.
Жас келіншек босанғаннан кейін баласының қырқынан шығару рәсімін де Ана үйінде өткізген. Бірақ әзірге Айзаданың жақындары сәбиді тек телефон арқылы көруге мәжбүр.
«Анам жақында аяғы тайып кетіп, әзірге үйде жатыр. Бірақ немересі екеуі міндетті түрде жолығатын болады», - дейді келіншек.
Бүгінде Айзада өткен күндеріне есеп беріп, болашағына жоспар құрып үлгерген жан.
«Мен босанған күні болашағым жарқын болуы үшін бизнес жоспар құру керектігін түсіндім. Маған анамның сіңілісі өз ақыл-кеңесін айтып, құр жата бермей, қандай да бір істі қолға алу керектігін ескертті. Менің құрбым бұған дейін Атамекен ҰКП-ның бір сертификатын алған еді. Одан соның жолдарын сұрастырдым. Қолымнан тігін тігу келетіндіктен, қыз жасауын дайындау туралы идея келді. Бірақ білетіндер ол бойынша грант ұтып алу қиын екенін айтты. Содан құрбым екеуіміз клининг шаруасы бойынша бизнес жоспар құрып, оның сертификатын алдық. Алайда құжаттарды енді тапсырайын деп жатқанда желтоқсандағы қабылдау кезеңі аяқталып кетті. Енді келесі кезеңде тапсырамыз деген үмітіміз бар», - дейді Айзада.
Жалғызбасты ана атанса да Айзада болашағынан үміт үзбейді. Керісінше, дәл осындай жағдайға тап болып қалғандарға өз ақыл-кеңесін айтты.
«Мұндай орталықтар елімізге керек. Бұл жерде ең алдымен өз қорқынышыңды жеңуді үйренесің. Ана мен баланың арасындағы махаббаттың не екенін ұғынасың. Қандай жағдай болса да, ана баласын тастамауы керек. Әр қиындықтың артында бір жақсылық тұратынын ұмытпау керек», - дейді Айзада.
Айжан Жанатқызы