Құзыретті заңнамалық жүйе үшін дауыс бердім – академик Жұрынов

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Ғалым қазақстандықтарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды

Фото: Nur.kz

Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау, сайып келгенде, құзыретті, мобильді Парламент құруға арналған. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының басшысы, химия ғылымдарының докторы, профессор, академик Мұрат Жұрынов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Еліміз екі бағытта жүруі керек деп санаймын – бір жағынан тәуелсіздігімізді сақтап, нығайту, екінші жағынан тиімді заңнамалық жүйені қалыптастыра беру керек. Сондықтан тиімді заңдар қабылдайтын кәсіби заң шығарушылар қажет. Парламент иммунитет алуға ұмтылу үшін қызмет етпеуі керек. Дәл осы құзыретті адамдар заманға лайық заңнамалық тетіктерді құра алады», - деді академик.

Ғалым қазақстандықтарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға, атап айтқанда барлық деңгейдегі сайлауға міндетті түрде қатысуға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 19 наурызда қазақстандықтар Парламент Мәжілісінің жаңа депутаттарын және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлайды. Дауыс беруге 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Сайлау тізіміне 12 миллионнан астам азамат кіреді.

Сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санау 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де басталады және 20 наурызда таңғы 8:00-де аяқталуы керек.