Ол осылайша халық белсенділігін арттыруды көздеген
Петропавл тұрғыны Ниязбек Ысқақов сайлау учаскелеріне баратын тұрғындарға тегін қызмет көрсетіп жүр. Такси жүргізушісі осылайша, халық белсенділігін арттыруды көздеген, деп хабарлайды Azattyq Ruhу тілшісі.
Ниязбек байланыс қызметі орталығында еңбек етеді. Ол сайлау күні қала тұрғындарын учаскелерге дейін тегін жеткізіп, жақсылық жасауды жөн көрген. Таңғы сағат 7:00-ден түске дейін 15 адамды діттеген жеріне апарып салғанын айтады.
«Дала еріп, саз болып жатыр. Сол себепті бұл күні жерлестерім сайлау учаскелеріне жетуге қиналады деген ой келді. Оның үстіне алдымызда қасиетті Рамазан айы да келе жатыр. Осылайша, халыққа тегін такси қызметін ұсынуға бел будым. Маған ешкім хабарласпайды. Бар болғаны адам көп жиналатын жерге барып тұрамын. Көлігімнің сыртына арнайы жазу да жаздырттым. Оны көргендер қасыма келіп, белгілі мекенжайға жеткізіп салуымды сұрайды», - дейді ол.
Тегін такси қызметін пайдаланғандардың бірі – Петропавл тұрғыны Зухра Атажанова. Зейнеткер дауыс беру үшін үйінен шыққан. Осылайша, көшеде Нияздың көлігін байқап, қасына барған. Онымен тілдесіп, өзін сайлау учаскесіне дейін жеткізуін сұраған.
«Далаға шығып едім күннің суық екенін сездім. Көше бойында келе жатып қызыл көлік көзіме оттай басылды. Оның сыртында «Тегін такси қызметі» деген жазуы да бар екен. Алғашында сенбей қалдым. Бірақ учаскеме жеткесін жүргізуші жігіт төлеудің қажеті жоқ екенін айтты. Қуанышымда шек болмады. Осындай жастар елімізде көп болса екен деп тілеймін», - дейді зейнеткер Зухра Атажанова.
Жалпы бұл күні қалада қоғамдық көліктер де тегін қызмет көрсетіп жатыр. Өңірде 630-дан астам сайлау учаскесі бар. Оның 97-сі облыс орталығында. Дауыс беру құқығына ие 384 мыңнан астам адам бар.