Шымкентте сайлаушыларға наурыз көже таратылды

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғындар сайлау науқанындағы бұл бастамаға ризашылығын білдірді

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкенттегі Қазығұрт шағынауданындағы №86 жалпы білім беретін мектеп ғимаратындағы №71 сайлау учаскесінде дауыс берушілер наурыз көжеден дәм татты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мерекелік дастарханнан дәм татқан тұрғындар сайлау науқанындағы бұл бастамаға ризашылығын білдірді.

«Бұл жолғы сайлау науқаны Наурыз мерекесіне тұспа-тұс келіп отыр. Міне, осындай қуанышты, мерекелі күнде өзіміз сенім артқан үміткерлерге дауыс бердік. Ұйымдастырушыларға көп рахмет. Есіктен кірген бойда жылы лебізбен қарсы алып, наурыз көже мен бауырсақ үлестіріп, жақсы көңіл-күй сыйлап жатыр. Осы сәтті пайдаланып, барша шымкенттіктерді Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырамын», - деді Тұран ауданының биі Жетпісбай Жұрымбаев.

Қаладағы №71 сайлау учаскесінде таң азаннан бері дауыс берушілер белсенді қатысып жатыр. Бұл сайлау учаскесінде 2 125 тұрғын тіркелген. Ал жүріп-тұруы қиын жандарға комиссия мүшелері өзі барады. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Қазірге дейін 3 сайлаушыдан үйде дауыс беру ұсынысы түскен.