Мемлекет басшысының бастамасымен өткізіліп жатқан реформалық өзгерістер халыққа сенім тудыра бастағанын айтты
Белгілі жазушы Смағұл Елубай бүгінгі сайлауға қатысты пікір білдірді. Ол Алматының №301 учаскесіне барып дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жазушының сөзінше, халық бұл жолғы сайлауға сенгендіктен асығып келіп жатыр.
«Біз өмірімізде талай сайлауды өткердік. Бірақ осы уақытқа дейін халықтың өзі құлшынып ұмтылып, барынша белсенділік танытқан сайлауды көрмедік. Өйткені сайлау қоғамның демократиялық айнасын көрсетеді. Сайлау қалай болса – қоғам солай. Қазіргі таңда демократиялық бағытқа қарай бет бұрғандықтан, халықта үлкен үміт пен сенім пайда болды. Яғни осы кезеңде өзінің Конституциялық құқығын шын мәнінде сезіну байқалады. Ал бұрын Кеңес заманында оны ауызша айтатын. Бірақ оның жалған екені белгілі болып тұратын. Халықты ылғи да жалған ұрандарға сендіріп, дауыс бергізіп қоятын», - деді ол.
Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен өткізіліп жатқан реформалық өзгерістер халыққа сенім тудыра бастағанын тілге тиек етті.
«Мінекей, бұл сайлаудың ерекшелігі – осы. Сондықтан сайлауға келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Өзім де таңдауымды жасадым. Үмітіміз зор. Таңдаған кандидаттар Парламент мінберінен біздің сөзімізді айтады деп сенемін. Түйіндеп айтқанда, алға қойған мақсат-мұратымыз орындала берсін!» - деді жазушы.