Tiktok платформасында Наурыз мейрамына орай онлайн-фестиваль өтеді

Автор: Azattyq Rýhy

Үздік видеороликтердің авторлары арнайы жүлделерге ие болады

Мәдениет және спорт министрлігі Tiktok қосымшасында Наурыз мейрамына орай онлайн челлендж ұйымдастыруда. Бұл туралы ведомсвтоның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қосымшаны пайдаланушылар #Наурыз2023 хэштегімен ұлттық мейрам, оның ерекшеліктері мен әдет-ғұрыптары туралы видеороликтер түсіреді.

Челленджде TikTok-та танымал контент-мейкерлер: музыканттар, аспаздар, саяхат блогерлері және танымдық видео авторлары қатысып жатыр.

Үздік видеороликтердің авторлары арнайы жүлделерге ие болады. Алғашқы үш орынды иеленген қатысушылар Қазақстанның ең әдемі жерлеріне сапарлай алады. Жеңімпаз 5 күнге, екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше 3 күн және 1 күнге саяхатқа шығады.

Видеоролик тақырыбы ретінде төрт бағыттың бірін таңдауға болады: тамақ, саяхат, мәдениет және музыка. Онлайн-фестивальдің қорытындысы, үздік видеороликтер мен байқау жеңімпаздарының есімдері 29 наурызда жарияланады.

 «Наурыз адамдарды табыстырады, онлайн-фестиваль қазақстандықтарды біріктіруге және әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттауға көмектеседі. Қазақ мәдениеті мен тарихына арналған роликтер TikTok-та танымал болып келеді. Мысалы, #Қазақстантарихы хэштегі бойынша видеолар 100 миллионға жуық, ал #Қазақстанмәдениеті хэштэгі – 75 миллионнан астам қаралған. Сондықтан бұл акция тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де мүмкіндігінше көп адамды қамтуға арналған», - деді ҚР МСМ ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.