18 наурызда сайлауға қатысты кез келген үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады
Қазақстанда Парламент Мәжілісі депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы қарсаңында тыныштық күні басталды. Бүгін, 18 наурызда кез-келген үгіт-насихатқа тыйым салынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңына сәйкес сайлау күні және оның алдындағы күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынады, ол заңсыз болып саналады. Заңнамада бұл үшін жауапкершілік қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, ертең, 19 наурызда Парламент Мәжілісі депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді.
2022 жылғы референдум қорытындысы бойынша Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізілгеннен кейін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының 70%-ы партиялық тізімдер бойынша, ал 30%-ы бір мандатты округтер бойынша сайланады. Осылайша, алдағы сайлауда партиялық тізімдер бойынша Мәжілістің 69 депутаты және бір мандатты аумақтық округтер бойынша 29 депутат сайланады. Барлығы сегізінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің 98 депутаты сайланады. Сайлауға қатысуға жеті саяси партия жіберілді.
Сондай-ақ, аралас сайлау жүйесі бойынша 50/50 арақатынасында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлау өтеді. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлауда депутаттар тек бір мандатты округтер бойынша сайланатын болады. Бұл ретте еліміздің 223 мәслихатында барлығы 3 415 мандат бар, оның ішінде 668 – облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың 20 мәслихатында, 617 – қалалық мәслихаттарда, 2 130 – аудандық мәслихаттарда.
Дауыс беру күні Қазақстан аумағында бірнеше мың сайлау учаскелері жұмыс істейді. ҚР шетелдік мекемелері жанынан 62 шет мемлекетте 77 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Мұнда ҚР азаматтары Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатыса алады.
Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Дауыс беруге 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Сайлау тізімдеріне 12 миллионнан астам азамат кіреді.
Сайлауға келген еліміздің 17 облысының тұрғындары түрлі түсті бес бюллетень алады:
Өз кезегінде Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары түрлі түсті төрт бюллетень алады: партиялық тізімдер бойынша Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша – көк, ал бір мандатты округтер бойынша – жасыл; қалалық мәслихатқа кандидаттарға дауыс беру үшін бюллетеньдер күлгін және қызғылт сары түсті болады.
Әр бюллетеньде "барлығына қарсы" деген баған болады.
Сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санау 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де басталады және 20 наурызда таңғы 8:00-де аяқталуы керек.