Кандидаттар кездесуде сайлауалды бағдарламада көтерілген мәселелер туралы айтты
«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының фронт-офисінде қалалық сайлауалды штабының жетекшісі Станислав Канкуров, депутаттыққа кандидат Артур Платонов пен Алмат Қодасбаев бастауыш партия ұйымдарының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жиынды ашқан қалалық сайлауалды штабының жетекшісі Станислав Канкуров партия әрдайым халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолындағы барлық игі бастамаларға ұйытқы болып, ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, еліміздің көркейіп гүлденуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқанын тілге тиек етті. Партия күнделікті тұрмыста кездесетін түйіндердің шешілуіне қашан да оң ықпал ететінін айтқан БПҰ өкілдері бұл жолы да бірқатар түйткілді мәселенің шешілуіне қолдау білдірсе деген талап-тілектерін жеткізді.
Бұл ретте Энергосбыт мекемесі жұмысының тиімсіздігі сөз болды. Сондай-ақ мегаполистегі білім беру мекемелеріндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін бүкіл қаладағы бейнекамераларды орталықтандыру керектігі, күзетшілердің құзыретіне қатысты мәселені бақылауға алу айтылды. Бұдан өзге қоғамдық көлік мәселесі өңіріміз үшін өзекті болып тұрғаны, яғни көлік тазалығы, жүру бағыты бойынша интервалдың сақталуы мәз емес екені айтылды. Әсіресе, №8, 33 пен 100 маршруттардың жүрісін бақылауға алу керектігі сөз болды. Қала бойынша балабақшадағы орын тапшылығы, Төле би көшесіндегі жол төсемінің сапасын бақылау, қала құрылысы туралы Заңға өзгерістер енгізу, мегаполистегі жүк көліктерінің жүруін реттеу мәселелері тілге тиек етілді.
Жиын соңында партияның атынан ұсынылған депутаттыққа кандидаттар партияның Алматы қаласы бойынша алдағы 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламасында жоғарыда аталған бірқатар мәселелердің шешімі барын айтты.
«Партияның бағдарламасы қала тұрғындарының қажеттілігі мен тілектеріне негізделген әрі мұқият ойластырылған. Халықтың талап-тілегі сайлауалды бағдарламада 5 негізгі бағыт бойынша, атап айтқанда, дамыған экономика, сапалы инфрақұрылым; қолжетімді білім және денсаулық сақтау, мәдени, спорттық және жастар қаласы, қауіпсіз қалалық орта деп топтастырылды», — деді Алмат Қодасбаев.
Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы сайлау қорының қаражатынан төленді