Су тасқыны салдарын жою жұмыстары 20 саяжай аумағында жүргізіліп жатыр
Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша белсенді жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының орынбасары Қанат Доспаевтың мәлімдеуінше, бір тәулік ішінде жұмыстар Орал қаласы мен облыстың 6 ауданында – Бөрлі, Қаратөбе, Шыңғырлау, Сырым, Казталов және Бәйтерек аудандарында жүргізілді.
«Инертті материал салынған қаптар төсеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы 6000-ға жуық қап төселді, 84 000-ға жуық текше метр су сорылды. Су тасқыны кезеңінің басынан бастап Батыс Қазақстан облысы бойынша инертті материал салынған 32 000 қап төселді, 420 000 текше метр су сорылды. Тартылған күштер мен құралдардың жедел іс-қимылының арқасында бұрын су басқан 57 тұрғын үйден су сору жұмыстары аяқталуда, 100-ден астам адам өз үйіне оралып жатыр. Бұрын эвакуацияланған 188 адам туыстарының үйінде тұрып жатыр. Жағдай тұақты бақылауда. Сонымен қатар, су тасқыны салдарын жою жұмыстары 20 саяжай аумағында жүргізілуде», - деді Қанат Доспаев.
Сонымен қатар өткен тәулікте Сырым, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарында жағдай тұрақтанды, күштер мен құралдар басқа учаскелерге жіберілді.