«Алғашқы жағдай Түркиядан келген баладан анықталды»: Қазақстанда қызылша вирусы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі

Автор: Әйгерім Ердәулет

Вирус өлімге әкелуі ықтимал

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда үш айдың ішінде қызылша вирусын жұқтырғандардың ішінен 31 науқастың диагнозы зертханалық жолмен расталды. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Қазақстан бойынша қызылшаға күдікпен 66 жағдай тіркелді, оның ішінде зертханалық расталғаны – 31. Алғашқы тіркелген жағдай Түркиядан келген баладан анықталды», - деп мәлімдеді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Вирус Түркиядан Қазақстанға келген 5 баладан, Египеттен келген 2 баладан және Қырғызстаннан келген 1 баладан және Тәжікстаннан келген 1 жасөспірімнен анықталған.

Ал қазіргі уақытта өңірлер бойынша Алматыда - 18, Жетісу облысында - 5, Қарағанды облысында – 3, Атырау облысында – 2, Павлодар, Ақтөбе, Астанада - 1 жағдайдан тіркелген.  

Науқастанған 31 адамның 29-ы 14 жасқа дейінгі балалар болса, қалған 2-еуі ересек кісі. Вирусты жұқтырғандардың 80 пайызы екпе алмаған балалар. 

Айта кетейік, былтыр елімізде қызылша вирусын жұқтырған 4 жағдай тіркелген.

Қызылша – жоғары контагиозділігімен (жұқпалылығымен) сипатталатын, ауа тамшылары арқылы берілетін және ЖРВИ белгілеріне ұқсас өтетін вирустық ауру.

Алдымен бөртпе құлақтың артында, бет пен мойында, содан кейін кеуде мен денеде және қол мен аяқта пайда болады.

Ауру инфекцияны жұқтырғаннан кейін 7-18 күн ішінде дамиды.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары қызылша ми қабығының қабынуы (энцефалит), өкпенің (пневмония), құлақтың (отит) асқынуларымен қауіпті, ауру өлімге әкелуі ықтимал екенін айтады.

«Қызылшаның арнайы емі жоқ. Вирустың алдын алудың жалғыз сенімді құралы – уақтылы вакцинация.

Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес: І доза – 12-15 ай, ІІ доза – 6 жас.

Егудің тиімділігі: І доза – 84%, ІІ доза – 95%.

Аурудың алдын алу мақсатында мыналар ұсынылады:

- өз балаларыңызда екпенің болуына назар аудару және вакцинация болмаған жағдайда тіркелген жері бойынша медициналық ұйымда екпе алу жөнінде шаралар қабылдау;

- асқынуларды болдырмау және басқаларға жұқтырмау үшін ауру пайда болған кезде уақтылы медициналық көмекке жүгіну;

- екпе алу және аурудың алдын алу»,-деп түсіндірді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.