Күдіктілер 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Елімізде жүзге жуық азамат темір тұлпарын жарнамамен сатуға шығарып, ерлі-зайыпты алаяқтардың арбауына түсті. Бұл туралы Azattyq Ruhy КТК сайтына сілтеме жасап.
Кепілдікте тұрған көліктерінің екі-үш айда несиесін жауып, өз атыма заңдастырамын деген айлакерлер сенімхат алып алады екен. Артынша ізім –ғайым жоғалып, машинаны үшінші адамға құжатсыз, қолма-қол ақшаға саудалайды дейді зардап шеккендер. Осылайша не көлігін, не ақшасын ала алмаған жұрт қазір қарызға белшесінен батып отыр. Ал қарашаны қармағына түсіргендерге қатысты іс енді ғана қозғалып, іздестіру жұмысы басталды.
Ерлі-зайыпты алаяқтарға алданғанның бірі – Ақбота Қожагелдинова. Ол денсаулығына байланысты осыдан төрт жыл бұрын көлігін сатуға сайтқа шығарады. Ақшасы толық төленіп бітпеген көлік алаяқтардың көзіне бірден түсіпті. Сөйтіп түрлі желеумен қомақты қаражат екі үш айда түсетінін айтып, өз атына заңдастыратынына сендірген. Сөйтіп қолындағы сенімхатпен ұшты-күйлі жоғалыпты. Содан бері не көлігі, не ақшасы жоқ.
«Күндіз-түні жұмыс істеп жатырмын. Бір емес, екі жұмыс істеп жатырмын. Биржада және былай бос уақытымда біреулердің еденін жуып, сол қарызымды жабудың амалы. 20 миллионды қалай жабамын? Тауып жатқан айлығымды, істеп жатқан жұмысымның бір тиынын көрмеймін. Ол тұрмақ баламның алып жатқан ақшасын да соған құйып жатырмын. Бүткіл шотым бұғатталған», - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Ақбота Қожагелдинова.
Алаяқтар жоспар бойынша сайттан көлігі кепілдікте тұрған адамдарды арнайы іздеп табады. Сөйтіп көлік иесімен байланысқа шығып, қолына 500 мың мен миллион теңге аралығында ақша беріп алдаусыратады. Бір Алматының өзінде 20-ға жуық азамат алаяқтардың құрығына түсіп отыр.
«Екі үш айдан кейін маған ақша түседі. Мен толық жабамын да, өз атыма аударып аламын. Маған жазып беретін сенімхат негізінде дейді. Сосын мен былай ойланып көремін. Екі-үш ай үлкен мерзім емес қой, жарайды деймін. Сөйтіп көлігімді беремін. Ол алып кетеді. Екі-үш айын төлейді. Болды, содан кейін төлемей қояды. Машина да жоқ, ақша да жоқ. Кредитті қазір өзім төлеп жүрмін. 160 мың теңге, айына», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Азамат Сәбитов.
Әккі айлакерлер Алматыдан алып кеткен көліктің көбін Астана қаласына апарып саудалаған көрінеді. Өйткені Елордада алданғандардың дені темір тұлпар сатқандар емес, сатып алғандар. Ол жақта да әккі қулар азаматтарға түрлі сылтаумен көлікті ғана тастап, ақшаны қолма-қол алып кеткен.
«Былтыр сәуір айында хабарлама бойынша машина қарап жүргенмін. Телефонмен сөйлесіп, бір әйел, Венера, техпаспортты қарағанда Рашитов Ринат Шаритович деді. Мен сұрадым ол кісіден. Ол кісі кім деді. Ол менің күйеуім деді. Сосын телефонмен сөйлестім. Ол жақта күйеуі емес, Рашитов Ринат емес. Өзінің күйеуі Кемел деген сыбайласы, алаяқ», - дейді Астана қаласының тұрғыны Руслан Каримов.
Ерлі-зайыптының құрығына өзге өңірлерде де алданғандар саны 60-қа жуық. Әзірге Алматы мен Астана қаласында екеуіне қатысты іс қозғалып, іздестіріліп жатыр.
«Бұл екі күдіктіге бағытталған іс-шаралар қазір қылмыстық іс жүргізу кодексінің аясында жүзеге асырылып жатыр. Қылмыстық кодесінің 190 бабының 4 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, яғни аса ірі көлемде жасалған алаяқтық дерегі бойынша. Екі күдіктіні іздеуге жариялау бойынша шаралар қолға алынды. Міндетті түрде нотариусты және барлық процедураларға қатысушы тұлғалар тергеуге алынды», - дейді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек, Алматы.
Полицейлердің айтуынша, алаяқтар Астана қаласының тұрғындары. Аталған бап бойынша олар 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.