ҚР Әділет министрлігі Digital Justice портфелі аясында жаңа жобаны іске қосты
Қазақстандықтар енді Меншік иелері бірлестігін онлайн режимде тіркеу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұрын қазақстандықтар МИБ тіркеу және оның төрағасын сайлау үшін үй тұрғындарымен бірнеше кездесіп, әділет органдарына тиісті өтініш беріп, көп уақыт жұмсайтын. Енді ұялы телефондағы мобилді қосымша арқылы онлайн-өтінім беруге болады. Бұл қызмет «Управдом» ЖШС қосымшасында қолжетімді.
«Бұл тұрғындардың қолтаңбаларын онлайн жинауға, дауыстарды, кворумды автоматты түрде санауға және электрондық хаттаманы автоматты түрде толтыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, үйдің төрағасы, хатшысы және Кеңес мүшелері қол қойған электрондық хаттама «Заңды тұлғалар» мемлекеттік дерекқорына МИБ электрондық тіркеу үшін жолданады», - делінген Әділет министрлігінің хабарламасында.
Жоба ең алдымен МИБ қызметінің ашықтығы, алаяқтық әрекеттерді болдырмау, үйді басқару кезінде процестерді автоматтандыру, қағаз құжат айналымынан арылуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, азаматтарға қолайлы болу үшін басқа да IT-шешімдерді ұлғайту бойынша жұмыстар жалғаса бермек.