Сенат Әлеуметтік кодекстің жобасын бірінші оқылымда қабылдады

Автор: Мира Байбек

Тамара Дүйсенова құжатты депутаттарға таныстырды

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары палатаның пленарлық отырысында Әлеуметтік кодекстің жобасын бірінші оқылымда қарастырып, қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова құжатты депутаттарға таныстырды. Сөз барысында министр жаңа әлеуметтік саясат Мемлекет басшысының жариялаған ауқымды өзгерістердің бірі екенін атап өтті.

«Бұл өзгерістердің негізі назарларыңызға ұсынылып отырған Әлеуметтік кодекс жобасында көрініс тапты. Біріншіден, мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесінің парадигмасын түбегейлі өзгерту ұсынылады: яғни ол әлеуметтік сын-қатерлердің салдарын жоюға емес, керісінше өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға көбірек бағытталатын болады. Екіншіден, әлеуметтік саланы цифрландыруды тереңдету және соның арқасында әлеуметтік қолдауды алудың бүгінгі өтініш беру нысанынан, адресті анықтау нысанына және оны проактивті форматта көрсету жүйесіне көшу қарастырылған. Үшіншіден, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша жауапкершілік тек мемлекетке ғана емес, жұмыс берушіге және азаматтың өзіне де жүктелетін болады. Бұл жаңа әлеуметтік контракт негізінде іске асырылатын болады. Төртіншіден, нәтижелі және формальды жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталған сақтандыру жүйесін дамыту көзделген», - деді Тамара Дүйсенова.

ЕХӘҚМ басшысы Әлеуметтік кодексті әзірлеуде халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, соның нәтижесінде Әлеуметтік кодекстің құрылымы басшылыққа алынып, өз еліміздің ерекшеліктері жан-жақты ескерілгенін атап өтті.