Партиядан депутаттыққа кандидаттар «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі инспекция» ұжымымен кездесті
«Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясы» РММ ұжымымен ауыз су және оның сапасы мәселесін қазақстандық «Байтақ» жасылдар партиясынан Астана мәслихатының депутаттығына кандидаттар Шыңғыс Лепсібаев пен Азамат Асриев талқылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, сайлауалды жарысқа қатысушылар өз бағдарламаларын таныстырды.
Алдағы жылдары елордада ауыз су тапшылығы қаупі төніп тұр. Қазірдің өзінде қала маңындағы тұрғындар оның жетіспеушілігіне шағымдануда. Сондай-ақ, жаңа тұрғын үй кешендерін су желілеріне қосу мәселесі де өзекті.
Сарапшылардың пікірінше, мәселені бір ғана Астана су қоймасы есебінен шешу мүмкін емес, екінші су көзі қажет.
Болжам бойынша 2030 жылға қарай Астанада ауыз суды тұтыну жылына 153 миллион текше метрге жетеді. Жоспарланған су тұтыну көлемі қазір 67,7 миллион текше метрді құрағанымен, тұтыну көлемі 102 миллион текше метрге дейін жетеді.