2019 жылдың қарашасында Байқоңыр ауданының экс-әкімі Асқар Есілов пара алды деген күдікке ілінді
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бұрынғы аудан әкімі Асқар Есіловтің жемқорлық қылмысы үшін отставкаға өтініш беруге міндетті емес. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Ерлан Сапаров айтты.
«Байқоңыр ауданының әкіміне қатысты сот үкімі шықты. Біздің білуімізше, аудан әкімі пара алды деген күдікке өткен жылдың қарашасында ілікті. Ол кезде қала әкімінің отставкаға кетуін көздейтін заңдағы өзгерістер қолданысқа енгізілмеген болатын. Сондықтан бұл тетік елорда әкімінің отставкаға өтініш беруі үшін қолданылмайды деп санаймыз», - деді Ерлан Сапаров.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында Байқоңыр ауданының әкімі (бұрынғы – ред.) Асқар Есілов жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді. Ол құны 515 000 теңге тұратын ұялы телефон түрінде пара алғандығы және футбол алаңдарының құрылысы бойынша қосалқы мердігерлік жұмыстарды алуға жәрдем бергені үшін кінәлі деп танылды. Жақында Нұр-Сұлтан қалалық соты экс-әкімге қатысты сот үкімін шығарып, оған айыппұл түріндегі (15,4 млн теңге көлемінде) жаза тағайындалды.
Айта кетейік, ҚР «мемлекеттік қызметі туралы» Заңның мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы мәселесі бойынша ережелері 2019 жылдың 10 желтоқсанында қолданысқа енгізілген. Оған сәйкес, облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімдері өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынышты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде отставкаға өтініш беруі тиіс.