Коронавирусқа байланысты Қазақстанға Әзірбайжан мен Ираннан келетін кемелерге қызмет көрсету тоқтатылды

Автор: Azattyq Rýhy

Кемемен келген шетелдіктерге портқа шығуға тыйым салынады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында 5 наурызынан бастап Әзірбайжан мен Ираннан келетін адамдар мен автокөлік құралдарын жүргізушілермен тасымалдайтын теңіз кемелеріне Ақтау және Құрық порттарында қызмет көрсетудің уақытша тоқтатылатынын хабарлады.

«Шетелдік жүк кемелерінің экипаждары үшін Ақтау және Құрық порттарында кемелерден шығуға шектеу қойылады. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын қазақстандық кемелер экипаждарының мүшелері порттарда ауысқан кезде оларға бақылауды күшейтетін болады. Қабылданатын шаралар туралы ақпарат Каспий маңы мемлекеттерінің теңіз әкімшіліктеріне жеткізіледі», - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Айта кетейік, коронавирус әлемнің 72 еліне тарап үлгерді. Оны жұқтырғандар саны әлемде 91 мың адамға жуықтады. Ал, қайтыс болғандар саны 3 мың адамнан асады.