Олардың бәрі ауруханаға жеткізілді
Таразда газбен жылынатын жеке үйдің пешінен ақау шығып, бір отбасының бес адамы уланып қалды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқыс оқиға 7 наурызда Тараз қаласындағы жеке тұрғын үйде орын алған.
«Табиғи газбен жылыту пешін пайдалану ережелерін бұзу себебінен түтін мұржасы тазартылмағандықтан бір отбасынан 5 адам улы газдан уланып, ауруханаға жатқызылды. Бұл 2010, 2012, 2015 жылы туған балалар мен олардың 1964 және 1975 жылғы ата-анасы», - делінген хабарламада.
Төтеншеліктер улы газ қауіпті, ол тез әрі білінбей әрекет ететінін, сондықтан тұрғындарға әрдайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды еске салады.