Партия өңірдегі жастарды еңбекке тарту, жас мамандарды ынталандыру шараларын жалғастыруды жоспарлап отыр
Оралда «AMANAT» партиясының сайлауалды штабының өкілдері «Жәңгір хан» сауда үйінде үгіт-насихат жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Өңірлік сайлауалды штабтың жетекшісі Мұрат Мұқаев және партиялық тізім бойынша облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар Мирболат Құрманғалиев, Мұратбек Мұхамбедиев және облыстық мәслихатқа бірмандатты сайлау округі бойынша үміткер Нұрлан Серғалиев кәсіпкерлер мен тұтынушыларға сайлауалды бағдарламаның мақсат-міндеттерін түсіндірді.
«Сайлауалды бағдарлама негізгі 10 бағыттан тұрады. Халықтың табыс көлемін арттыруға, медициналық қызмет пен білім беру сапасын жақсартуға, ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жаңғыртуға және қайта құруға, тұрғын үй құрылысын жандандыруға, мәдениет пен спорт нысандарын көбейтуге біздің партия ықпал етеді. Саяси науқанға әрбір азамат бей-жай қарамай, келешек үшін атсалысуы қажет. Бағдарламада көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін «AMANAT» партиясына дауыс беруге шақырамын», – деді штаб жетекшісі Мұрат Мұқаев.
Кейін шара көшпелі қоғамдық қабылдаумен жалғасты. Кандидаттар тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді. Сан салаға қатысты айтылған пікірлерді үміткерлер алдағы уақытта партиямен бірге назарға алатынын жеткізді.
«Соңғы екі жылда партияның облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдау шаралары нәтижесінде 908 адам жұмысқа орналастырылды. Еңбек дауына қалған 112 адамның жалақасы өтелді. 139 адамға медициналық көмек, 1 182 адамға әлеуметтік көмек көрсетілді. Электр желісіне қатысты 50 өтініш, көгілдір отынға қатысты 48 өтініш қанағаттандырылды. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауы барлық ауданда ашық әрі нәтижелі» – дейді қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гаухар Шайхиниязова.
Сауда үйінде еңбек етіп жүрген қызметкерлердің көбі – жастар. Партия өңірдегі жастарды еңбекке тарту, жас мамандарды ынталандыру шараларын жалғастыруды жоспарлап отыр. Облыста 123 мыңнан астам жас бар. Оның ішінде 4,8 мың адам жұмыссыздар қатарында.
«AMANAT» партиясы мен «Жастар Рухы» ЖҚ жастарды қолдауға күш салады. Соның ішінде оларды жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамту және табыс көлемін арттыру мақсаты тұр. Сайлауалды бағдарлама шеңберінде жыл сайын кемінде 1 800 адам «Жасыл ел» еңбек жасақтарына жұмылдырылады. Кемінде мың маманды «Жастар тәжірибесі» жобасына қатыстыру көзделген. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге барған кадрлардың үй сатып алуына немесе үй салуына қаржылай қолдау көрсетіледі. Ауыл кәсіпкерлері үшін 2,5% мөлшерлемесімен несие беріледі. Мұндай шаралар негізінде жастар арасында жұмыссыздық деңгейін едәуір азайта аламыз», – деп қосты облыстық штаб жетекшісі Мұрат Мұқаев.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді