Алматы көшелерінде автобустар батпаққа батып жатыр

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Тұрғындар аяғына полиэтилен пакеттерін амалсыз киюге мәжбүр

Алматыда қоғамдық көліктер батпаққа айналған жолға батып, жүре алмай жатыр. Батпаққа батқан автобустарды шығару үшін жұрт арнайы техника шақыруға мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Ал жолаушылар батпаққа толы аялдамада тұруға мәбүр. Қаланың «Нижняя Пятилетка» шағын ауданындағы тұрғындардың жүріп-тұруы қиыдаған. Зенькович, Бейсембаев және Бартольд көшелерінде жолдар апатты жағдайға айналған. Көшелер балшық пен шалшыққа толып кеткен. Тұрғындар аяғына полиэтилен пакеттерін амалсыз киюге мәжбүр. Халық жолға жөндеу жұмысы жүргізілмейтінін жеткізді.

Жергілікті тұрғындар мен автобустан түскен жолаушылар көшелердің нашарлығына шағымданатын видеолар таратты.

«Біздегі жолдың қандай жағдайда екенін қараңыздар. Зенькович көшесінде №74 бағыттағы автобус батып қалды. Қалай жүруге болады? Жер ойылып кетті. Өзіңде батып қалуың мүмкін, жүру қауіпті. Біз Түрксіб ауданында тұрамыз. Өте қорқынышты. Балалардың өзін автобусқа отырғызуға қорқамыз. Автобус қисайып, бір жағымен батпаққа батқанда балам қатты қорқып қалыпты», - деді жергілікті тұрғынның бірі.