Қаладағы бизнес-қауымдастық өкілдерімен ШОБ-ты қолдау мәселесі талқыланды
«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабы мүшелерінің өңірлердегі сайлаушылармен кездесулері жалғасуда. Бүгін партиялықтар Шымкент қаласына келді. Бұл туралы Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Штаб мүшелері қаладағы бизнес-қауымдастық өкілдерімен шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін талқылады.
«AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партия ШОБ үшін елде бизнес жүргізу бойынша қарапайым ережелерді қамтамасыз етуді жалғастыратынын атап өтті.
«Біз жеке бастамалар мен нарықтық экономиканың күшіне сенеміз. Бүгінде технологиялық кәсіпкерлікті дамыту арқылы экономикадағы жоғары еңбекақы төленетін жұмыс орындарының үлесін арттыру қажет. Заңнама деңгейінде адал бәсекелестікті дамытуға қол жеткізу маңызды», - деді Ерлан Қошанов.
Штаб мүшелері «Асар» шағын ауданының тұрғындарымен инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үйге қолжетімділікке қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Шымкенттіктер жолды, ауладағы алаңдарды жөндеу және көшелерді жарықтандыру мәселелерін көтерді.
Бұдан соң аманаттықтар қаладағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барып, аға буын өкілдеріне зейнет жасындағы адамдардың өмір сапасын жақсарту жөніндегі партияның бастамалары туралы айтты.
Осы күні «Айна» базарында өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастармен экспромт-кездесу өтті. Штаб мүшелері сайлауалды бағдарламаның өңірде тұрақты жұмыс орындарын ашуға қатысты бөлімін түсіндірді.