Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы биыл сәуірде өтеді.
Бүгін ҰСК құрамына ротация жасалып, кеңес құрамынан Э.Әзімова, А.Саин, Б.Палымбетов, А.Шораев, Б.Бұқарбай, А.Әміртаев шығарылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес мүшелері не үшін алмастырылғанын түсіндірді.
«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына жұртшылықты кеңінен тарту мақсатында кеңес мүшелері алмастырылды. Ұлттық кеңеске белгілі қоғам қайраткерлері келді. Кеңестің бұрынғы мүшелеріне белсенді жұмыстары үшін ризашылығымды білдіремін», - деп жазды Президент Twitter желісінде.
Ұлттық кеңеске белгілі қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл, белгілі заңгер, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимов, қоғам қайраткері, «Мазмұндама» ҚБ төрағасы Шыңғыс Мұқан, Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков және «Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі, журналист Ләззат Қожахметова, заңгер, «Ізгілік елшісі» республикалық еріктелер қозғалысының жетекшісі, заңгер Айнұр Сәбитова кірді.