Сотталушылар салымшыларды алдап, компанияға ақша салуға көндірген
Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты азамат Т. мен С.-ға қатысты «MMK Investment» және «Eden Life7» қаржы пирамидаларын басқару фактісі бойынша айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2020 жылғы қарашадан 2022 жылғы қаңтарға дейінгі кезеңде «MMK Investment» және «Eden Life7» қаржы пирамидаларына басшылық жасады. Олар WhatsApp және Telegram арқылы жалған инвестициялық бағдарламалар туралы жалған ақпарат таратып, әлеуетті салымшыларды компанияларға ақша салуға шақырды. Тартылған ақша қаражаттарының сомасы 718 млн.теңгеден астам және 691 мың АҚШ долларын құрады», - деп көрсетті Астана қалалық соты.
Аса ірі мөлшерде 164 млн. теңгеден астам сомаға 34 жәбірленушіге залал келтірілді.
Прокурор оларға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Алайда сот үкімімен бірі 6 жылға, екіншісі 5 жылға сотталды. Сонымен қатар қаржы ұйымдарында және азаматтардың ақшалай қаражатын тарту жөніндегі ұйымдарда 7 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.