Облыстық полиция департаменті әзірге түсініктеме берген жоқ
Таразда 13 жасар бала екі қолымен амандаспағаны үшін құрдасынан таяқ жеп, қолы сынды. Бұл туралы қоғам белсендісі Дина Таңсәрі өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Фотолардан баланың қолы ашық сынық жарақатын алғанын көруге болады. Рентгеннің суретінен екі бірдей сүйегінің сынып кеткені анық көрінеді.
«Бұл факт бойынша ҚР ҚК 107-бабына сәйкес іс қозғалды, бірақ бірден жабылды, себебі күш көрсеткен бала 14 жасқа толмаған және қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Сараптама, жауап алу жүргізілмеген. Тіпті кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін ата-аналарына қатысты ҚР ҚК-нің 140-бабы бойынша материал сотқа жіберілген жоқ», - деп жазды автор.
Дина Тәңсәрінің жазуынша, зардап шеккен баланы анасы жалғыз тәрбиелеп отыр, оған тіпті моральдық төлем де берімеген. Ал мектеп бұзақылық жасаған оқушыны есепке де алмапты.
Аталған мәселеге қатысты Azattyq Ruhy тілшісі облыстық полиция департаментіне хабарласып, түсініктеме беруді сұрады. Жергілікті полицияның баспасөз хатшысы ақпараттың анықталып жатқанын мәлімдеді.