Шенген визасын беру туралы шешім ережеге сәйкес 15 күн ішінде қабылданады
Қазақстан азаматтарына Шенген визасын беру тәртібінде айтарлықтай өзгерістер болмайды және Еуропалық Одақ Қазақстанды «қара тізімге» енгізген жоқ. Бұл туралы Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігінің сайтында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Шенген визасын беру туралы шешімді ЕО-ға мүше мемлекеттің тиісті консулдығы 15 күн ішінде қабылдайды. Бұл ереже Қазақстанға да қатысты қолданылатын болады.
Ерекше, жеке жағдайларда, егер өтінішті егжей-тегжейлі тексеру немесе қосымша құжаттарды ұсыну қажет болса, бұл мерзім 45 күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Бұл тәжірибе тек ерекше жағдайларда ғана ұлтына қарамастан барлық өтініш берушілерге бұрыннан бері қолданылып келеді.
Қазақстан үшін жақында енгізілген қосымша консультациялар өткізу рәсімі жеті күнге дейін созылуы мүмкін және бұл консультациялар стандартты 15 күндік рәсім аясында жүргізіледі. Сондықтан өтініш берушілердің виза алу уақыты айтарлықтай ұзармайды.
Виза алу тәртібі бойынша жалпы ақпаратты Көші-қон және ішкі істер жөніндегі Бас директораттың веб-сайтынан табуға болады.
Шенген ақпараттық жүйесі аясында Қазақстан үшін қосымша консультацияларды енгізу әртүрлі бағыттар мен өзара мүдделі салаларда қарқынды дамып келе жатқан ЕО мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарға ешқандай қатысы жоқ.