Мемлекет басшысы отандастарымызға зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент бұл мерекеде ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптелетінін атап өтті.
«Алғыс айту күні қиын-қыстау замандарда да мейірімділік пен жанашырлық таныта білген әрі бірлігін бекем еткен халқымыздың ізгі қасиеттерін жадымызда жаңғыртады.
Бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер және еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңінде әрбір азаматтың ел болашағы үшін жауапкершілік танытуы және өзара қолдау көрсетуі аса маңызды.
Бүгінгі мейрамда адал еңбегі, жасампаздығы мен отаншылдығы үшін барша халқымызға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Біз еліміздің ауызбіршілігін сақтай білсек, кез келген қиындықты еңсереміз. Әділетті Қазақстанды құрып, елімізді одан әрі өркендете береміз деп сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында.
Осылай деген Мемлекет басшысы барша қазақстандыққа зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тіледі.
Айта кетсек, Қазақстанда 1 наурызда Алғыс айту күні атап өтіледі.