СҚО-да елуге жуық елік атқан күдіктілер ұсталды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Күдіктілер 5 жылға сотталуы мүмкін

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері заңсыз аң аулау фактісін әшкерелеп, күдікті ретінде Петропавлдың үш тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Петропавл тұрғындарының бірінде тіркелмеген қарудың бар екені туралы ақпарат түскен. 27 ақпанда таңертең «Челябинск – Новосибирск» тас жолында полиция қызметкерлері 28 жастағы азаматтың басқаруындағы «ВАЗ – 2115» автокөлігін тоқтатқан. Көлікте жүргізушіден бөлек Петропавл қаласының 29 және 30 жастағы екі тұрғыны болған. Автокөлікті тексеру барысында жүксалғышынан төрт сібір елігінің еті, сондай-ақ «ТОЗ» маркалы екі тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық, екі патрон, гильза және басқа да аңшылық құрал-жабдықтар табылып тәркіленді.

«Бұдан әрі тексеріс іс-шараларын өткізу кезінде Петропавлдағы саяжай бірлестіктерінің біріндегі үйден екі өлі елік пен 41 еліктің терісі, 119 тұяғы мен 12 аңның басы тәркіленді, – деп хабарлайды облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Басыбаев.

 Бұл факт Қылмыстық кодекстің 337-бабының 3-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде енгізілді. Тәркіленген қару мен жануарлардың қалдықтары сараптамаға жіберілді. Күдіктілер Петропавл қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаровтың айтуынша, топпен бірге заңсыз аңшылық жасағандарға бес мың айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл салудан бастап, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қолданылады.  Айыптылардың барлық мүлкі тәркіленіп, кейбір қызметтерді атқару құқығы да шектелуі мүмкін.

Тегтер: