«Біз ата-ана рөлін орындамаймыз»: Өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар қалай тәрбиеленеді?

Автор: Azattyq Rýhy

Елордадағы Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында 68 бала бар

Бүгінде елордада ресми түрде жетімдер үйі жоқ. 2019 жылдан бері Астанада қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы жұмыс істеп келеді. Бүгінде орталықта 68 бала тәрбиеленіп жатыр. Оларды орналастыру тәсілі және балаларға психологиялық қолдау көрсету шаралары туралы Azattyq Ruhy тілшісіне мекеме директоры мен психологы айтып берді.

Мұндағы тәрибеленушілердің басым бөлігі тұрақты, ал кейбірі уақытша тұрады. Уақытша тұру мерзімі алты айға дейін созылады.

«Тұрақты тұратын балалар ата-анасы жоқтар немесе ата-аналары баланы бағуда құқығынан айырылғандар. Уақытша тұратын тәрбиеленушілер көбіне қиын жағдайға тап болған отбасының балалары. Мәселен кейбірінің ата-анасы ішімдікке салынып кетуі мүмкін, содан бала қараусыз қалып қояды. Ондай жағдайларда көбіне ата-ана құқығы шектеледі», - дейді «Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы» КММ директоры Бибігүл Такисова.

Статусы белгіленген балалар көбінесе отбасы үлгісіндегі балалар ауылына жіберіледі. Айта кетерлігі, тәрбиленеушілерді балалар аулының отбасына беру қорғаншылық және қамқоршылық органы мен тәрбиелеуші-ана арасында жасалатын шарт негізінде жүзеге асырылады.

Тәрбиеші-ананың тәрбиелеуіне жасы 18-ге дейінгі 7—10 бала беріледі. Мұндай әрбір отбасы балалар ауылының құрамына кіреді, олардың сонда үй-жайлары бар, үй іргесіндегі және қосалқы шаруашылықтары мен құрылыстары бар өзінің оқшауланған аумағы болады. Тәрбиеленушілер жасөспірімдер үйінде 23 жасқа дейін бола алады.

Одан бөлек, балаларды потранаттық тәрбиеге немесе отбасының толыққанды асырап алуына мүмкіндігі бар. 2022 жылы орталықта қорғаншылық және қамқоршылыққа 20 бала берілді. Директордың айтуынша, көбі бір бала ғана асырап алуды көздейді. Бірақ заң талабы бойынша ағайынды балаларды бір-бірінен ажыратуға болмайды. 

«Мемлекет балаларды толығымен қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан да бұл жерге келген балаларға әсіресе, тұрмыстық жағдайы нашар отбасынан келгендер психологиялық көмекке мұқтаж. Себебі үйдегі ата-анасының жан-жалынан бөлек, балалар тіпті ішерге тамақ та таппай қалатын кездері болады. Мұның барлығы психологиялық травмаға әкеп соғады. Одан көлек, қорғаншылыққа берген баланы кері алып келген жағдайда да бала психологиялық соққы алады. Нақтырақ айтқанда, бала ол жағдайда өзін кінәлі сезінуі мүмкін», - дейді директор.

Жетім көрсе, жебей жүретін қайырымды жандар елімізде аз емес. Бірақ соңғы жылдары орталықтағы балаларға қолдау көрсететін меценаттар саны бұрынғыдай көп емес екен.

«Пандемияға дейін меценаттар жиі келіп тұратын. Қазір өкінішке қарай, олардың саны азайып қалды. Олар әдетте балаларды демалыс орындарына немесе театрларға апарады, кафелерге барып тамақтандырады. Өкінішке қарай, қаладағы барлық демалыс орындары біздің балаларды тегін кіргізе бермейді, тек санаулысы ғана. Сондықтан да осындай игі істер көбірек болса дейміз. Былтыр жазда серіктестеріміздің бірі өз қаражаты есебінен балаларды Бурабайдағы лагерьге жіберді. Осы жазда тағы бірнеше жерлерді араласақ деген жоспарымыз бар», -  деді мекеме басшысы.

Әдетте кәмелетке толмаған өзге өңірден келген студенттер түнгі уақытта «официант» болып жұмыс істеп жүріп, полиция инспекторының назарына тап болса, олар да осы жерге жеткізіледі. Кейін оларды орталықтан жақындары немесе ата-аналары алып кетеді.

«Балаларды жақсы көру керек, сыйлау керек. Олардың да ойымен санасу қажет. Бізге келген кей жасөспірімдер үйлеріне кері қайтқылары келмейді. «Мені ата-анам түсінбейді» деп шағымданады. Қазіргі балалардың барлығы гаджетте отырады. Оның өз ықпалы бар. Соның салдарынан тұрмыстық жанжал болуы мүмкін. Кей ата-аналар өз проблемаларын арақпен шешкілері келеді, «ішсем бәрін ұмытамын» деп ойлайды. Сол сәтте балалар аш қалып жатады. Яғни ата-аналардың арақ алуға ақшалары бар, баласын тамақтандыруға ақшасы жоқ. Кейде балалар 2-3 күндеп тамақсыз қалады. Мұның барлығын тәрбиеленушілердің өздері айтады. Яғни бұл ойдан құрастырылған дүние емес», - дейді Бибігүл Такисова.

Әдетте жетімдер үйіне немесе балаларды қолдау орталығына түскен тәрбиеленушілердің көздері мұңға, кеуделері ата-анасына деген өкпе-ренішке толы көрінеді. Бірақ психологтар бұл стеоротипті пікір дегенді айтады.

«Әр бала үшін ананың орны бөлек. Мейлі оның ата-анасы қамқолық танытпай, тіпті ата-ана құқығынан айырылған болса да, ол баласы үшін ана болып қала береді. Мұндағы балалар қайткен күнде де әке-шешелерін сағынады, олардың қашан келетінін сұрайды.  Әрине реніштері де болады. Әсіресе жасөспірімдерде өкпелеу, ренжу басымырақ болады. Бірақ осы жерге бейімделіп, белгілі уақыт өткеннен кейін, олар бәрібір өз ата-аналарын сағына бастайды. Міне, сол кезде олардың реніштері сейіле бастайды», - психолог Жанар Жұмажанова.

Орталықтағы психолог мамандар әр баламен жеке жұмыс істейді. Өйткені тағдырлары ұқсас болғанымен, балалардың өскен ортасы мен көрген қиындықтары әртүрлі.

«Біз балалармен диалог құрып сөйлескеннен кейін, оған қай бағытта көмек керектігін анықтаймыз. Ол ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, баланың қоғаммен байланысы немесе сыныптасырымен сыйыспау сынды түрлі проблемалар болуы мүмкін. Негізі бұл жерге келген балалар бірден ашылып, сырын ақтармайды. Себебі олар үшін біз бөтен адамдармыз. Олардың ішіндегі ойын ақтару да үлкен жұмыс. Ол алдымен бізге үйреніседі. Содан соң, «маған кім көмектесе алады?» деген оймен ақырындап өзіне жақын адамын іздей бастайды. Ол міндетті түрде психолог болады деген сөз емес, бала психологиялық қолдауды тәрбиешіден де алуы мүмкін», - дейді психолог.

Өкінішке қарай, орталыққа түсетін балалардың көбі күнделікті тұрмыстық тәртіпке бейімделмеген болып жатады. Сондықтан да оларды қарапайым үй жағдайындағы дағдыларға үйрету орталықтың тағы бір міндеті.

«Әрине, ата-анасы жоқ балалардың отбасы ол – біз. Бірақ біз ата-ана рөлін орындамаймыз. Бала белгілі жасқа келгенде ата-анасыз екенін түсіне бастайды. Біз де оны қадағалап, «өз статусын қабылдай алады» деген уақытта ақырындап түсіндіре бастаймыз. Осылайша олардың да өмірі жалғаса береді», - дейді маман.

Орталықтан түлеп шыққан жас түлектер далада қалмайды. Мемлекет олардың жоғары немесе орта арнаулы білім алуын міндетті түрде қамтамасыз етеді.

«Жетістікке жеткен жас түлектеріміз көп. Отбасын құрып, балалы-шағалы болып, бақытты өмір сүріп жатқандар да жетерлік. Жақында ғана бір қызымызды тұрмысқа бердік. Біз де барлығын қазақы дәстүрімізге сай етіп өткіземіз. Сырға салу, құда түсу сынды салт-дәстүрлерімізді жасаймыз. Сондай-ақ, бұрынғы түлектеріміз осы жерге келіп, мотивациялық кездесулер өткізіп тұрады. Олармен барынша тығыз байланыс орнатуға тырысамыз», - деді мекеме басшысы Бибігүл Такисова.

Айжан Жанатқызы