Оқиға кеше болды
Алматы облысы ТЖД Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы топырақтың үгітілуіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомствоның хабарлауынша оқиғаға жаңбыр мен қар түрінде жауған жауын-шашынға байланысты топырақтың батпақтануы себеп болған.
«2023 жылғы 27 ақпанда 09 сағат 50 минутта Алматы облысы ТЖД кезекші бөлімінің пультіне Талғар ауданы Бесағаш ауылының «Бурабай» коттедж қалашығында 2023 жылғы 25-26 ақпан аралығында жаңбыр мен қар түрінде жауған жауын-шашынға байланысты топырақтың батпақтануы орын алғаны, нәтижесінде қорғаныс қоршауы арқылы – бетонды тіреуіш қабырғасынан Баянауыл көшесіндегі екі жеке тұрғын үйге қарай таудың баурайынан өздігінен батпақты топырақ түсті. Төменге түскен топырақ үйлердің бірінің терезе саңылауларына зақым келтіріп, бөлме жайдың ішкі жағына кірген. Тағы бір үйде соққыдан қабырғаларда жарықтар пайда болды. Жарақаттанғандар мен зардап шеккендер жоқ», - делінген ведомство хабарламасында.
Белгілі болғандай оқиға орнына ТЖ департаментінің, «Қазселденқорғау» ММ, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері дереу жіберілді. Оқиғаның нақты себептері мен келтірілген залалды анықтау жөніндегі комиссия құрылды.
Түскен топырақтың болжамды көлемі 360 текше метрді құрайды. Үйлердің бірінің төрт тұрғыны көршілерінің үйінде, екінші үйдің бес тұрғыны Алматы қаласында орналасқан.