Оның бұйымдары әлеуметтік желіде танымал
Шығыс Қазақстанда 52 жастағы ер азамат тоқыма тоқып, тұрғындарды талантымен тәнті етіп жүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» телеарнасыа сілтеме жасап.
Александр Гармашовтың қолынан 5 жасынан бастап біз бен жіп түскен емес. Сондықтан болар тоқуға керек заттың бәрін жинап жүреді. Арасында темірден жасап алған ескі біздері де бар. Александар бастапқыда бұл өнерін көпшілікке көрсетуге қатты қысылыпты. Ал қазір бұйымдары әлеуметтік желіде танымал, тіпті шет елден тапсырыс беретіндер бар. Өнерлі әкеге ұл-қызы қолдау көрсеткен.
«Бұл өнеріңізді әлеуметтік желіге салайық, елге көрсетейік» деп ең алдымен, қызым ұсыныс жасады. Мен бірден келіскен жоқпын. Өйткені қоғам қалай қабылдар екен, балаларымның бетіне басар ма екен деп жасқандым. Олардың пікірін тыңдап, қолдауын сезген соң ғана әлеуметтік парақшада насихаттауға рұқсат бердім», - дейді Шемонайха қаласының тұрғыны Александр Гармашов.
Қазір Александрдың өнеріне бәрі сүйсінеді. Қызы Кристина сәнді бұйым көрсе болды, тек әкесіне ғана тапсырыс береді. Кардиган, кеудеше, шарф бәрі зауыттан шыққандай ерекше дизайнда тоқылған. Үйдегі кішкентайлардың қыстық киімдері де Александрдың қолынан шыққан.
Оның айтуынша, тоқу ауыр ойдан арылтады. Шаршағанды басып, адамды сабырлы болуға үйрететін сыйқыры бар деп күледі. Тіпті кейде математиканы шемішкеше шағуға тура келеді екен. Өйткені тоқыманың бір жібі артық не кем кетпеу керек.