Аудан әкімдігінің өкілдері «барлығы қаражатқа кеп тіреледі» деп ақталады
Алматы облысы Ащыбұлақ ауылының тұрғындары лай, әрі дәмі қи татитын су ішуге мәжбүр. Тұрғындардың айтуынша, құбырлар ескі. 70 жылдан бері пайдаланылып келеді. Ал оны қашан ауыстырады деген көпшіліктің сұрағына әкімдік күнде ертеңмен тойдырған көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Тұрғындар шүмектен ағатын лай, қи татитын суды қайнатып, өздері тазартып ішіп жүр. Оның өзі кешкі 4-те беріліп, 2-3 сағаттан кейін қайта тоқтап қалады дейді.
1959 жылы салынған су құбырлары күнара жарылатын көрінеді. Сөйтіп, ауыл халқына саз-балшық, қи аралас лас су келеді.
Ал ауылдағы кейбір үйлер тіпті бұл суға да жете алмай отыр. Ол аумаққа құбыр да жүргізілмеген.
Аудан әкімдігінің өкілдері «барлығы қаражатқа кеп тіреледі» деп ақталады. Дегенмен, биыл су құбырларын жөндеу жұмыстары басталатынын жеткізді.
«300 млн ақша бөлінді жергілікті бюджеттен. Екі кезеңде салынады құрылыс жұмыстары. Қазіргі кезде конкурсқа хабарландыру беруге құжаттар дайындалуда. Мердігерлер анықталғаннан кейін жұмыстар басталады», - дейді Еңбекшіқазақ ауданы ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Мәлібеков.
Жергілікті атқамінерлердің айтуынша, су құбырларын жөндеу жұмыстары 2024 жылы аяқталады. Олар 3000-нан астам халқы бар Ащыбұлақ ауылының әр үй толық таза ауыз суымен қамтамасыз етіледі деп уәде берді.